Center Image
IHSAN.KZ
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) БЕН АЙША АНАМЫЗДЫҢ ТҰРҒАН ҮЙІ ҚАНДАЙ ЕДІ?
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) БЕН АЙША АНАМЫЗДЫҢ ТҰРҒАН ҮЙІ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Алла елшісі мен Айша анамыз зәулім сарайда тұрған жоқ, әрине. Тұрған жері тек қажетіне жарарлық шағын бөлме болатын. Пайғамбар мешітінің шығысында орналасқан бұл орынның есігі батыстан сол мешіт жаққа қарай ашылатын. Осы жағынан қарағанда мешіт анамыздың бөлмесінің ауласы сияқты еді. Рамазан айында Расулалла(ﷺ) мешітте ғибадат жасаған кездерінде анамыз бөлмесінен қолын созып пайғамбарымыздың шашын тарайтын1, кейде өзінен сұраған затын тез арада алып бере қоятын.  

Бөлмесінің қабырғасы лаймен сыланып, түрегеп тұрған адамның қолы жететіндей төбесі құрма бумаларымен жабылады. Шатыры жаңбыр өткізбеу үшін жүнмен қапталады. Саж және Арар деген ағаштан жасалған есігі әрдайым келушілерге ашық болды 2.

Бөлмесінің көлемі жайлы былай деген:

  • Расулалла мен ұйықтағанда намазға тұрар болса, сәждеге баратын кезде қолымен аяғымды түртетін, мен аяғымды жинап ала қоятынмын, сонда барып сәждесін толық жасайтын 3.

Пайғамбар мешітін кеңейту мақсатында осы бөлмені бұзу мәселесі көтерілген кезде халифа Уәлид ибн Абдулмәликке қарсы шыққан табиғиндердің имамы Саид ибн Мүсәйяб былай дейді:

  • Мына бөлмелерді бұзбай-ақ қойсаң қайтеді? Жұрт барға қанағат етсе. Өйткені, ертеңгі ақ майы аузынан аққан ұрпақ Алланың сүйікті құлы әрі елшісінің қандай жағдайда өмір сүргенін көрсін 4.  

Бұл бөлменің ішінде бір кереует, алаша, іші талшықпен толтырылған теріден жасалған бір жастық, ілулі тұрған тері, бір мосы, су құятын және құрма салатын бір шелек және су ішетін бір кесе бар болатын 5.

Қияметке дейін әлемді жарыққа бөлеген нұр қайнары болған үйде түнде қоятын шам да болмады.

Оның үйі осы қалпынан еш өзгермеді, кейінгі кезеңдерде түскен олжалар да, өзіне жіберілген сыйлықтар да Расулдың бұл қарапайымдылығын өзгерте алмағаны ақиқат. Ақыретке көшерде де дүниеге келген кезіндегідей тап-таза және өте қарапайым қалпында болды.

 

  1. Бұхари,Иғтикәф 4 (1926); Мүслим, Хайз 6 (297); Әбу Дәуіт, Сиям 78 (2467,2469); Тирмизи, Саум 80 (804)
  2. Қараңыз: Бұхари, әл-Әдәбул мүфрад 1\272 (776); Самхуди,Хуласатул уафа 1\458
  3. Бұхари, Салат 21 (375); Мүслим, Салат 112 (712). Ол үйде қазір Алла расулы, хазірет Әбу Бәкір мен Омардың денелері жерленген. Басқаша айтқанда, ол бөлме тек үш дене сиятындай ғана көлемді қамтыған.
  4. Ибн Сағд, Табақат 1\500, 8\167; Суюти, әл-Луррул мансур 7\554. Сондай-ақ, қараңыз: Тахмаз, әс-Сайидату Аиша 32.
  5. Бұхари, Либас 31 (5505), Саум 59 (1879), Риқақ 17 (6091); Мүслим, Либас 37, 38 (2082); Тирмизи, Либас 27.

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz