Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде әйелдер жамағатына арналған «Отбасы – қоғам тірегі» тақырыбында тағылымды семинар ұйымдастырылды.
Рухани-танымдық семинарды мешіт ұстазы Гүлнұр Қаныбекқызы жүргізіп, ислам дініндегі отбасының орны мен маңызы, отбасылық құндылықтарды сақтау және ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі жөнінде насихат айтты.
Семинар барысында отбасы – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың болашағы қалыптасатын маңызды орта екені атап өтілді. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің сабақтастығы, ана тілі мен рухани құндылықтардың сақталуы ең алдымен отбасынан бастау алатыны түсіндірілді.
Сондай-ақ ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен жауапкершілік, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, отбасындағы береке мен татулықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Ұстаз Гүлнұр Қаныбекқызы отбасының беріктігі қоғамның тұрақтылығы мен ұлттық бірліктің негізі екенін атап өтіп, қатысушыларды отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге шақырды.
Кездесу барысында әйелдер жамағаты өзара пікір алмасып, отбасы тәрбиесіне қатысты көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Тағылымды шара қатысушылардың рухани танымын кеңейтіп, отбасы институтының маңызын насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы