Center Image
IHSAN.KZ
Қарағандыда “Пайғамбарымызға деген(с.ғ.с.) сағыныш пен сүйіспеншілікке толы рухани мәуліт кеші” өтті
Қарағандыда “Пайғамбарымызға деген(с.ғ.с.) сағыныш пен сүйіспеншілікке толы рухани мәуліт кеші” өтті

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Әйгерім Берікболқызының ұйытқы болуымен «Ханифа» қыздар даму академиясы Пайғамбарымызға  ﷺ деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы  тағылымды рухани мәуліт кешін өткізді.

Кештің басты мақсаты – ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ өнегелі өмірін, көркем мінезі мен адамзатқа қалдырған өсиеттерін насихаттап, қыз-келіншектердің рухани танымын арттыру, салауат айтуға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру және ислам құндылықтарын дәріптеу.

Рухани кеш Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында Пайғамбарымыздың ﷺ өмір жолы мен сирасына қатысты арнайы дайындалған көрнекі макеттерден құралған көрме ұйымдастырылды. Көрме алаңында ардақты Елшінің ﷺ өміріндегі маңызды кезеңдер мен тағылымды оқиғалар көркем түрде таныстырылып, қатысушыларға сира ілімі бойынша мағлұматтар берілді.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың ﷺ сүйікті тағамдары арнайы әзірленіп, оның мәні мен маңызы насихатталды. Осы арқылы қатысушыларға сүннетке деген ықыласты арттырып, Пайғамбарымыздың ﷺ күнделікті өмірінен өнеге алудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Кештің сәнін Мәуліт жыры келтіріп, жамағат Пайғамбарымызға ﷺ салауаттар айтты. Салауаттың мәні мен оны айтудың әдебі түсіндіріліп, қатысушыларға салауат айтудың рухани пайдасы жөнінде насихат жасалды.

Мәуліт кешінің арнайы қонағы ретінде ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы арнайы шақырылып, тағылымды насихат айтты. Ұстаз өз сөзінде Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ-ның көркем мінезі, үмбетіне деген мейірімі мен өнегелі өмірі жайында айтып, жиналғандарды Алла Елшісінің ﷺ сүннетін үлгі етуге үндеді.

Сондай-ақ Алматы облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Назерке Әкішқызы арнайы қатысып, өз насихатымен бөлісті. Ұстаз Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншіліктің адам жүрегіндегі рухани орнына тоқталып, оның өнегелі өмірінен ғибрат алудың маңызын атап өтті.

Кеш барысында қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі танымдық ойындар ұйымдастырылып, Мәуліт айының мән-мағынасын қамтыған сұрақ-жауаптар мен қызықты тапсырмалар өткізілді. Рухани әрі танымдық мазмұндағы ойындар кештің мазмұнын жандандырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мәуліт кеші жүректерге жылу сыйлаған салауаттармен, ізгі тілектермен және Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншілікті арттыратын рухани әсермен өрнектелді.

Осындай тағылымды шаралар арқылы қыз-келіншектердің діни сауатын арттырумен қатар, асыл дініміздің құндылықтарын, Пайғамбарымыздың ﷺ көркем мінезі мен өнегелі жолын насихаттау – «Ханифа» қыздар даму академиясының маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек.




Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz