Center Image
IHSAN.KZ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӨКІЛДІГІ РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІН ӨТКІЗДІ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӨКІЛДІГІ РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІН ӨТКІЗДІ
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Кеншілер» мәдениет сарайында «Адалдықтың асыл үлгісі – Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

Адамзаттың ардақтысы, екі дүниенің сардары – Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт айының құрметіне ұйымдастырылған рухани кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың болып, халықтың ыстық ықыласы ерекше байқалды.

Кештің ашылуында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы алғы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің дұғай сәлемін жеткізді. Сондай-ақ барша жамағатты қасиетті Мәуліт айымен құттықтап, рухани кештің маңызына тоқталды.

Кеш барысында елге танымал ақындар мен жыршылар өнер көрсетіп, көрерменге рухани тағылым сыйлады. 

Сонымен қатар «Үкі» продюсерлік орталығының актерлері сахналық қойылым ұсынып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен адамзатқа қалдырған асыл мұрасын көрермен назарына ұсынды.

Рухани кештің арнайы қонақтары қатарында Қазақстанның халық әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов пен Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, айтыскер ақын, жазушы Арман Бердалин болды. Өнер иелері өз өнерлері арқылы кештің мазмұнын байытып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш аясында «Мәуліт сыйы» қайырымдылық акциясы да жүзеге асып, сегіз отбасыға 100 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 

Сондай-ақ, «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында науқас баланың еміне  200 000 теңге қаржылай сертификат табысталды.

Бұдан бөлек, рухани кеште екі адамға Ұмра қажылығына жолдама тарту етілді.

Мәуліт кеші – адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен өнегелі өмірін насихаттап, жұртшылықты ізгілікке, адалдыққа, мейірімділік пен қайырымдылыққа үндейтін тағылымды шара болды.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz