Center Image
IHSAN.KZ
Әйел — отбасының берекесі, ұлттың анасы
Әйел — отбасының берекесі, ұлттың анасы
Халқымыз ежелден-ақ әйел затын қастерлеп, оны киелі санаған. Түркі халықтарының ұғымында ұрпақ пен береке иесі саналатын Ұмай ана бейнесі — сол құрметтің тамыры тереңде жатқанының дәлелі. Тарихымызда із қалдырған Домалақ ана, елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан Ұлпан ана секілді есімдер де халқымыздың жадында әйел-ана бейнесін қасиеттеудің үлгісі болып қала бермек. «Анасын көріп қызын ал» дейді халқымыз — бұл сөз анадан алған тәрбие мен әдептің ұрпаққа қалай жалғасатынын танытады.
Ислам діні де осы құндылықты нығайта түседі. Кешегі жаһилиет заманында қыз баланың дүниеге келуін масқара санап, кемсіту салты болғаны белгілі. Алла Тағала мұндай жат көзқарасты Құран Кәрімде қатаң айыптап, мынадай аят түсірді: «Олардың біріне қыз бала туралы сүйінші айтылса, қапаланып, жүзі қараяды. Өзіне айтылған сүйіншінің жамандығынан халық арасынан жасырынады» (Ән-Нахл сүресі, 58-59 аяттар). Осылайша Аллаһ қыз баланы құрметтеуге, оған деген көзқарасты түзетуге шақырды.
Құран Кәрімде де ер мен әйелдің Алла алдындағы құрметі мен сауабы тең екені ашық айтылған: мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер, шыншыл, сабырлы, садақа беруші, ораза ұстаушы ерлер мен әйелдерге Алла Тағала жарылқау және ірі сыйлық әзірлегені  Ахзаб сүресінің 35-аятында жеткізілген. Демек, ер мен әйелдің құндылығы бір-бірінен кем емес, тек парызы мен жауапкершілігі бөлек.
Халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген терең мағыналы мақал бар. Үйде көрген ізгілік, сый-құрмет пен қамқорлық қыздың болашақ отбасына арқау болады. Сол себепті қызды тек анасына жүктеп қоймай, әкесі мен отбасының барлық мүшесі бірдей қамқорлыққа алуы керек.
Соңында бір хадисті еске сала кетейік: риуаятта айтылғандай, дүниеге қыз бала келген уақытта Алла тағала періштелерін жіберіп, олар жаңа туылған нәрестені қанаттарымен қорғаштап, «қандай әлсіз, қорғансыз еді» деп, оны тәрбиелеп өсірген ата-анаға Алланың қиямет күніне дейінгі жәрдемі болатынын жеткізеді   (Табарани риуаяты). Міне, осындай терең мағынаны бойға сіңіріп, қыздарымызды, келіндерімізді періштедей аялап, ізгілікпен күтіп, шынайы құрметпен қорғай білейік!

Қарағанды қалалық “Бала қажы” мешітінің имамы 
Нұров Махмұд қажы Нұрұлы

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz