Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешітінде мешіт ұстазы Бақыт Амантайқызының қатысуымен кезекті рухани кездесу өтті. Басқосуда «Шынайы мұсылманның сипаты» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтылды.
Жиын барысында жамағатқа мұсылман адамның бойында болуы тиіс негізгі адамгершілік пен имандылық қасиеттер кеңінен түсіндірілді. Ұстаз Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, шынайы мұсылманның басты сипаттарына тоқталды.
Атап айтқанда, көркем мінез бен кішіпейілділік, тіл мен қолынан өзгеге зиян келтірмеу, аманатқа адал болу, уәдеде тұру, сабырлылық пен кешірімділік, ата-ана мен көршіге құрмет көрсету секілді ізгі қасиеттердің маңызы баяндалды.
Сондай-ақ мұсылманның иманы оның сөзі мен ісінен көрініп, айналасына пайдасын тигізуі керектігі айтылды. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ-ның көркем мінезі мұсылман қауымы үшін үлкен өнеге екені насихатталды.
Кездесу соңында ұстаз аталған қасиеттерді тек біліп қана қоймай, оларды күнделікті өмірде қалыптастырып, айналамызға жақсы үлгі болудың маңыздылығын атап өтті.
Рухани басқосу жамағатқа ой салып, имандылық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, өзара бауырмалдық пен ауызбіршілікті нығайтуға ықпал етті.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы