Қарағанды қаласында «Әл-Ғаффар» мешітінде әйелдер мен қыздар жамағатына арналған «Тасқа сурет салу» атты шеберлік сағаты мен рухани кездесу ұйымдастырылды.
Шара барысында қатысушылар табиғи тас бетіне түрлі өрнектер, ислами мотивтер мен табиғат көріністерін бейнелеуді үйренді. Тастың қаттылығы мен бояудың жұмсақтығын үйлестіре отырып, әр қатысушы өзіндік ерекше туындысын жасады. Шығармашылық жұмыс қатысушылардың шыдамдылығын шыңдап, зейінін бір арнаға шоғырландыруына оң ықпал етті.
Шеберлік сағатынан кейін рухани отырыс ұйымдастырылып, қатысушылар жүрекжарды әңгіме өрбітіп, өзара ой бөлісті. Мешіт ұстазы Бақыт Амантайқызы мен арнайы қонақ Амина Алмасқызы адам жанының тазалығы, көркем мінез, өнердің тәрбиелік мәні және Құран құндылықтары жайында мазмұнды уағыз-насихат айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Жиын барысында жылы лебіздер айтылып, өзара бауырластық, сыйластық пен рухани бірлік құндылықтары дәріптелді.
Шараның негізгі мақсаты – әйелдер жамағатының рухани дамуына ықпал ету, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және мешіт жамағаты арасында өзара сыйластық пен бауырластықты нығайту.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы