Шет ауданына қарасты Ақадыр кенті «Иса молла» мешітінде Құран Кәрімнің 29-30 параларын жатқа оқудан сайыс ұйымдастырылды.
Шара Хафиз, молла Омарұлы Мұхамбетжан мен оның ұрпағы Мұхамбетжанұлы Шәкәрім қажының рухтарына құрмет көрсету, оларды еске алу мақсатында ұйымдастырылды.
Жарысқа Қарағанды облысына қарасты қалалар мен аудандарындағы мешіттерден 40 қа жуық шәкірт қатысып, 6 дан 50 жасқа дейінгі қатысушылар Құран сүрелерін жатқа оқудан бақ сынады.
Ересектер 29 және 30-паралардағы сүрелер мен аяттарды жатқа оқыса, жасөспірімдер «Фил» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелерді жатқа айту бойынша жарысты. Қатысушылардың Құран жаттау деңгейі мен оқу мәнері қазылар алқасы тарапынан бағаланды.
Екі параны жатқа оқу бойынша Қарағанды қаласынан келген Мұса Мұхамедәли Мұратұлы бас жүлдеге ие болып, Умра қажылығына тегін жолдама алды. Ал жергілікті қатысушылар арасынан Қалижан Айғаным жүлделі орыннан көрініп, Қалижан Есенәли жасөспірімдер арасындағы бас жүлдені жеңіп алды.
Жеңімпаздарға дипломдармен қатар тоңазытқыш, шаңсорғыш, теледидар, термопот және тұрмыстық пештер секілді бағалы сыйлықтар табысталды.
Құран жарысы соңында Шәкәрім қажының ұрпақтары демеушілік көрсетіп, бабаларының және өмірден өткен барша марқұмдардың рухына Құран бағыштап, ас берді.
Мұндай тағылымды шаралар жастарды Құранға жақындатып, діни сауаттылығын арттырумен қатар, үлкенді құрметтеуге, ізгілік пен қайырымдылыққа тәрбиелейді. Ақадырдағы Иса молла атындағы мешітте рухани-ағартушылық және қайырымдылық бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы