Абай аудандық мешітінде ауданның бас имамы Асхат Қанайұлының қатысуымен «Әжелер мектебі» бағыты бойынша тағылымды кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – халқымыздың дәстүрлі тәрбиесін дәріптеу, әже өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттау және отбасы құндылықтарын нығайту.
Қазақ қоғамында әженің орны қашанда ерекше болған. Әже – отбасының берекесін кіргізіп, немере-шөбересіне ақылын айтып, ізгілік пен имандылықты бойына сіңіретін тәрбие мектебі. «Әжелер мектебі» де осы асыл дәстүрді жаңғыртып, ұлттық және рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруді көздейді.
Жиын барысында әжелердің отбасындағы орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңызы жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Сонымен қатар жастарға бағыт-бағдар беруде үлкендердің ақылы мен өмірлік тәжірибесінің маңыздылығы атап өтілді.
Ауданның бас имамы Асхат Қанайұлы өз сөзінде отбасы – қоғамның негізі екенін айтып, ұрпақ тәрбиесінде үлкендердің өнегесі мен батасының орны айрықша екеніне тоқталды. Әжелерді имандылықты, ізгілікті, бірлік пен татулықты насихаттауға және кейінгі буынға жақсы үлгі болуға шақырды.
Кездесу барысында әжелер өзара пікір алмасып, көкейдегі ойларын ортаға салып, тағылымды әңгімелер айтты. Жиын жылы әрі берекелі жағдайда өтіп, қатысушылар рухани тұрғыдан мол әсер алды.
Әжелер мектебі – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, бүгінгі тәрбиені келешекке жалғайтын алтын көпір. Осындай тағылымды кездесулердің берері мол. Себебі ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ міндет, ал ақ жаулықты әжелердің ақылы мен батасы – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы