Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінде жұма намазына жиналған жамағатқа «Мазһаб ұстанудың маңыздылығы» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат жүргізілді.
Уағызды мешіт имамы Асылхан Нұртайұлы айтып, Ислам дініндегі мазһаб ұстанудың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Имам өз сөзінде мазһабтардың Құран мен сүннетке негізделген құқықтық мектептер екенін айтып, олардың мұсылмандардың құлшылық пен күнделікті өмірдегі діни мәселелерді дұрыс түсініп, амал етуіне бағыт-бағдар беретінін жеткізді.
Сонымен қатар, мазһаб ұстану мұсылман қауымының бірлігі мен ынтымағын сақтауға, діни алауыздық пен түрлі теріс ағымдардың ықпалына түсіп қалмауға септігін тигізетіні түсіндірілді. Жамағатқа ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келген Әбу Ханифа мәзһабының ерекшеліктері мен қазақ даласындағы діни дәстүр сабақтастығы жайында да насихат айтылды.
Уағыз соңында жамағатқа діни білімді сенімді ұстаздардан алып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанған дәстүрлі діни бағытты берік ұстанудың маңыздылығы ескертілді. Жиналған көпшілік тағылымды насихаттан рухани азық алып, имамның дұғасымен тарқасты.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы