Center Image
IHSAN.KZ
РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҚ
РАМАЗАНҒА ДАЙЫНДЫҚ

Мұсылман адам Құран түсірілген, күналардың кешірілуіне себепші болатын, жаннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатын, шайтандар кісенделетін, жылына бір мәрте ғана келетін  Рамазан атты ұлық айдың келуіне үлкен дайындықпен қадам басқан жөн.

Біз оны құрметпен қарсы алсақ, қияметте құрметке бөленуімізге себепші болады.  Қасиетті айдың әр уақытын бағалап, дұрыс әрі жақсылық амалдарға толы етіп өткізуіміз үшін қажетті бірнеше әдептерді ескергеніміз дұрыс.


Пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалар рамазанға алты ай қалғанда «рамазанға жеткіз»,- деп Алладан тілек тілеп, рамазан айы өткеннен кейін алты ай бойы қасиетті айда жасаған жақсылық амалдарымды қабыл ет деп дұға ететін болған.


Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы , Рамазан қарсаңында Алладан былай деп сұрауымызды үйреткен:


اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ


«Иә Аллам, біздерге режеп және шағбан (айларында) берекет бер әрі біздерді рамазанға  (амандықта) жеткізе гөр».


Ораза - намаз сияқты күнделікті бес уақыт орындалатын құлшылық емес. Ол жылына бір мәрте ғана келетін болғандықтан оразаға қатысты кей мәселелерді адам баласы ұмытып, естен шығарып алуы ықтимал.  Осы себепті, тіпті, білген болса да  қасиетті ай кірмес бұрын ораза үкімдерін, тағы бір қайталап шыққан жөн.


 Пайғамбарымыз (с.а.с) біздерге: «Намазыңа тұрғанда оны қоштасып тұрған адамның намазындай оқы», - деп кеңес берген. Қасиетті Рамазанды да біздер соңғы мәрте қарсы алып жатқандай сезімде болуымыз қажет. Осылай істеген адам оразадан барынша пайда алып, рамазан айының әр уақытын бос жоғалтпау үшін бар ынта жігерін салары сөзсіз.


Хадисте: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты»,- деп  айтылғанындай кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды.  Рамазан айы келерден өзімізге «қандай жақсылық амалдар жасауыма болады?» деген сұрақ қойып, шамам келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруды шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн.

Тіпті істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде:


فَمَنْ هَمَّ بِحَسَنَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْها كَتَبَها اللهُ لَهُ عِنْدَهُ حَسَنَةً كامِلَةً


«Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады», - деп айтылғанындай істегендей сауап жазылуы үміт етіледі.


Мысалға Алла қаласа  мынандай істерді істемеймін деп ниеттенсек болады:

Бірінші: Бір ай ішінде Қасиетті Құранды бастан аяқ оқып шығуды ниеттену. (Егер арабша тәжуидпен оқи алмаса қазақша мағанасын оқу;

Екінші:  Бес уақыт намазды жамағатпен оқуға тырысам;

Үшінші: Осы айды пайдаланып бойымдағы жаман деп танылған сипаттардан мүлде арылып, өзімді жақсы жаққа өзгертем;

Төртінші: Барлық адаммен тек жақсы мәміледе боламын;

Бесінші: Таңғы және кешкі оқылатын дұғаларды тастамай оқимын;

Алтыншы: Тарауық намаздарына қатысамын;

Жетінші: Отбасыммен жағдайы төмен бірнеше адамға жәрдемдесемін; Рамазан айының әр уақыты құнды. Әрі ол айдағы алтын уақыттарды бос өткізбес үшін адам өзінің уақытын жүйелеп, реттеп,  жоспарлап  қоюы қажет. Омар (р.а.) бір сөзінде: «Сендерді есепке тартпай тұрғанда өз-өздеріңді есепке тартыңдар. Амалдарың сендерге өлшеніп берілмей тұрғанда, алдын ала өздерің өлшеңдер» ,- деп өсиет айтқанындай, әркез өзінен есеп алу тақуа адамдардың сипаттарынан. Ал біз ең болмағанда қасиетті рамазан айында осы істі қолға алып, өзімізден есеп алатын болсақ, дүниеміз бен ахиретімізге тигізер пайдасы мол.

 Осылайша бір ай бойы өзін есепке алған адам рамазан айы өтісімен өзінің жасаған амалдарын қарап-ақ қасиетті айды қаншалықты дәрежеде өткізгендігін білуіне болады.

 Алла Тағала баршамызға қасиетті айға амандықта жетіп, оразамызды шынайы ықыласпен ұстап, қияметте Раян атты жаннат есігінен кіретін құлдардан болуды нәсіп етсін!

 

 Қарағанды облысы, Абай аудандық орталық мешітінің имамы Асхат Қанайұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz