Center Image
IHSAN.KZ
Ережеп айындағы ұлы күндер мен түндер
Ережеп айындағы ұлы күндер мен түндер

Алла Тағала қасиетті айда жасаған құлшылық-дұғаларымызды қабыл еткей! Бұл қаситетті ай ұлы күндер мен түндерге толы әрі құрметке ие. 

Ережеп, Шағбан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі рамазанға дайындық жасаған боламыз. Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).

Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл – Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». 

Ережеп айында қасиетті  екі түн бар. Бұл айда көп қасиетке ие Рағайып түні және жиырма жетінші түні миғраж сапарына дөп келеді. Рағайып түнімен ілесіп Миғраж түні кіріп келеді. Миғраж, сенімді деректерге қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый - намазды әкелген еді.  Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Сендер қайырлы үмметсіңдер. Сендерге деген Алланың барлық жақсылықтары бар. Бес уақыт намаздың өзі - Миғраж. Мен Алланың алдында өмірімде бір рет болдым, миғражда.  Сендер Алланың  алдында күніне бес рет боласыңдар» - деген. Әрине бес уақыт намазбен.

Пайғамбарымызға  (ﷺ) «Жәбірейіл періште айтты: – Я Мұхаммед  (ﷺ), сенің үмметіңнен болған бес түрлі кісінің жан тапсырар уақыты келгенде Алла Тағала: Менің бұл сүйікті құлдарымның жанын қинамаңдар. Жәннаттың қай есігінен кірем десе кірсін» - деп әмір етер. Жәннат періштелері бұл кісіге құрмет көрсетіп, «мархаба» деп тұрар және рухтары әнбие әулиелермен бір болар».  Бұл хадисті естіген хазреті Омар (р.а.) шыдамастан орнынан тұрып:  «Я, Расулулла! Бұл бес түрлі адамдар  кімдер?» - деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Ей, Омар! Бұл бес түрлі адамдардың өздері істеп жүрген тағат-ғибадаттары бар. Оны істеген адамдар сол қауымнан болады: 

1. Ережеп айы келгенде нәпіл ораза ұстап құлшылық етуші адам. 

2. Алла жолында Отан үшін, дін үшін деп өлген кәміл шахид. 

3. Жұма намазын қалдырмаушылар. 

4. Насихатшы ғалымдар. 

5. Алла Тағаланың дидарына ғашық болған тақуалар» - деді.

Сәубән (р.а.) мына бір оқиғаны жеткізген: Пайғамбарымызбен  (ﷺ) бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын.  Пайғамбарымыз  (ﷺ) бір кезде  қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей Сәубән, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп Алла Тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза ұстаса немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе,онда бұларға қабір азабы болмас еді» - деді. Сонда мен: «Я, Расулалла! Ережеп айының бір күнгі оразасы қабір азабынан құтылуға кәффәрат болады ма?» - деп сұрадым. Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Әр мұсылман ең болмаса ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына  бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар» - деген.

Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың  (ﷺ) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Ережеп оразасы басқа нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы үлкен ораза болып саналатынын естен шығармайық. Бұрындары аталарымыз басында, ортасында, соңында деп үш күннен  ұстаған оразалар осы ережеп оразасы. Үш күннен бөліп ораза ұстаудың мүмкіндігі дәл қазір яғни ережеп айына келіп тұр. Осындай сауапқа толы шексіз ғибадатты қастерлеп үш күннен бөліп ұстап бір ай толық ұстаған сауапты амалға асығайық.

Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла елшісі: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткедей біз де осылай дұға етеміз!

 

 

Нұров Махмұт қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің имамы

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz