Әбдіғали Естай Айтуғанұлы,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы
Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Ардақты ағайын! Қадірлі қауым!
Ұлт үшін ұмытылмас ұлы күндердің бірегейі – Тәуелсіздік күні. Бұл – халқымыздың сан ғасыр армандаған азаттығының ақ таңы атқан күн, елдігіміздің мәңгілікке бекіген сәті.
Бүгін біз азаттықтың ақ таңын аңсаған бабалар мұратын орындаған ұрпақ ретінде осы мерекені ерекше тебіреніспен атап өтеміз. Өйткені Тәуелсіздік – рухани дамудың, ұлт бірлігінің, мемлекет тұтастығының алтын қазығы.
Расында азаттық алу – Алланың сыйы әрі әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін мызғымас міндет.
Тәуелсіздік – бізге берілген баға жетпес сый ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Мұндай аса үлкен жауапкершілікті сезінген адам ата-бабаның қаны төгілген қасиетті жерді аман сақтауға, бірлікті бекем етуге, әділдікті ту етуге, рухани құндылықтарды жаңғыртуға және жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуге күш салады.
Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп-аялау – еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы. Кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары қайта қауыштық. Дербес елдігіміздің арқасында дініміз еркіндік алды.
Ендігі жерде, мемлекетіміздегі тұрақтылық пен дінаралық ке¬лісімнің қалыптасуы және еліміздің хал¬қының береке-бірлігін арттыру жолындағы жұмыстарға қолдау көрсету азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық.
Қазақ даласы ғасырлар бойы талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Халқымыз небір нәубетті замандарды бастан кешті. Тәуелсіздік алу жолында мыңдаған ер-азамат жанын пида етіп, елдік туын жықпады. Міне, бүгінгі азаттығымыз – сол ұлы күрестің жемісі, бабалар аманатының орындалуы, ұлттық рухтың қайта түлеуі.
Жастарымыздың иманды, білімді, отаншыл болып өсуіне үлкен буын ағалар, баршамыз барынша үлес қосуымыз қажет. Бұл – ортақ міндетіміз. Әрбір ата-ана, ұстаз, дін қызметкері ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлсе, ел ертеңі баянды болары анық.
Түйіндеп айтқанда, Тәуелсіздік – бабаларымыз аманат етіп қалдырған қастерлі құндылық. Оны қорғау, нығайту және келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамыздың қасиетті парызымыз. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, жерімізге береке, халқымызға бірлік нәсіп етсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болғай! Әумин!
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы