Қарағанды қалалық «Ар-Рахман» мешітінің имамы Азамат Төлеуханұлы мешіт жамағатымен бірге Қарттар үйіне арнайы зиярат жасады.
Зиярат барысында қарияларға ізгі ықылас танытылып, сый-сияпат ұсынылды. Сонымен қатар жиналғандарға Құран аяттары оқылып, өткендерге дұға бағышталды.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қарияларға құрмет көрсету арқылы қоғамда мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын нығайту, жастардың бойына үлкенді сыйлау дәстүрін қалыптастыру және рухани сабақтастықты жандандыру болып табылады.
Ислам дінінде ата-әжелерге, қарттарға құрмет көрсету – имандылықтың бір көрінісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ хадистерінде: «Кішілерге мейірім етіп, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес» деп өсиет еткен. Осыған орай «Ар-Рахман» мешіті жамағаты аға буынға құрмет көрсету дәстүрін жалғастырып, ардагерлерге рухани қолдау білдірді.
Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы имани құндылықтардың нығаюына үлес қоспақ.
ҚМДБ Қарағанды облысының баспасөз қызметі