Қарағанды облысы Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» жобасы аясында «Северка» ауылында орналасқан мұсылман зиратында тазалық жұмыстары өтті.
Іс-шараға мешіт имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы және мешіт қызметкерлері бастамашы болып, жамағат пен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Зират аумағында шөптер шабылып, қоқыстар жиналып, айналасы ретке келтірілді.
Мұндай игі шара – ата-бабалар рухына деген құрмет пен ізеттің, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Зиратты күтіп-ұстау – өткенге тағзым етіп, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырудың бір жолы.
Сонымен бірге, аталған іс-шараға қолдау білдіргені үшін Северка ауылының әкімі Арман Саткеновичке мешіт ұжымы атынан алғыс айтылды.
«Нұр» мешіті алдағы уақытта да жамағатпен бірлесе отырып, осындай игі істерді жалғастыра бермек.