ҚМДБ-ның Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Кеншілер» мәдениет сарайында «Жүректердің шамшырағы – мейірім пайғамбары Мұхаммед» атты рухани мәуліт кеші өтті.
Екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт айының құрметіне өткен рухани кешке Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы арнайы қатысты.
Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы алдымен жиналған көпшілікке ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының дұғай сәлемін жеткізіп, мүбәрак мәуліт айымен құттықтады.
Сонымен қатар, сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихына қатысты әсерлі оқиғалармен бөлісіп, жамағатты ізгілік жолына, адамгершілік пен еңбекқорлыққа, сондай-ақ Құран Кәрімді құрметтеуге шақырды.
Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мешіт жамағаты, имамдар мен қала тұрғындары қатысқан кеште ақындар мен жыршылар өнер көрсетіп, «Шаңырақ» театрының актерлары сахналық қойылымдар қойып, көрерменді әсерге бөледі.
Шара соңында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Әбдіғали Естай Айтуғанұлы арнайы сөз алып, рухани кешке жиналған дүйім жұртты қасиетті мәуліт айымен құттықтап, өзінің ыстық лебізін жеткізді.
Кеш барысында «Мәуліт сыйы» қайырымдылық акциясы жүзеге асып, облыс бас имамы рухани мәуліт кешінің билеттерінен түскен қаражатты көпшіліктің алдында көмекке мұқтаж он отбасыға табыстады.
Сонымен қатар, рухани кеште жеребе таңдау арқылы залдағы көрермендер арасында кіші қажылық билеті ойнатылып, бағы жанған дін жанашыры Ұмра қажылығын ұтып алды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі