Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына
салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Ислам мұсылмандардың өзара
туыс екендіктерін айтып, олардың арасына белгілі бір ақы бекітті. Мұсылмандар
өзара қарым-қатынаста осы ақыға мән беру арқылы олардың арасындағы бауырмалдық
пен бірлік одан әрі артып, сүйіспеншіліктері де нығайы түседі. Ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мұсылманның
мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау,
жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», –
деген (имам Бұхари)
Ал имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның
мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар: «Мұсылманның
мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең сәлем бер, егер шақырған
болса бар, егер насихат сұраса насихат айт, егер түшкіріп Алла Тағалаға мақтау
айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс
болса, соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим).
Жалпы мұсылманның мұсылманға деген
ақылары көп. Алайда, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын) сол ақылардың ішінде осы айтылған амалдарды атап кетуі – бұл амалдарды
орындауға ерекше мән беруіміз керектігін білдіреді. Сондықтан да ғалымдарымыз
жоғарыдағы хадистердегі «бес» немесе «алты» деген сандардың шектеу үшін
көрсетілмегендігін айтқан.
Енді осы хадисте қамтылған мұсылмандық
ақыларға жеке-жеке тоқтайық:
Бірінші: Сәлемдесу
Қазақ халқы «Сәлем – сөздің анасы» деп,
сәлем беруге үлкен мән берген. Адамдар бір-бірімен кездескен уақыттарында ең
бірінші әдеп те осы сәлемдесуден басталады.
Бұқар жырау бабамыз: «Сәлем –
сөздің анасы, әлейк алған данасы», – деп, қазақ халқының «Әссаламуғалайкум»
деп сәлемдесіп, «Уағалайкум ассалам», – деп, сәлемге жауап бергендігін айтқан.
Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап беру
– уәжіп болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі,
86-аятында:
«Қашан
сендерге сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан
да көркемірек не соның өзіндей етіп қайтарыңдар», – деп айтқан.
Демек, Алла Тағаланың бұл аяттағы бұйрығына сай, сәлемге жауап қайтарушы адам,
сәлем берушіден де артық әрі көркем түрде жауап беруі тиіс.
Ал көпшілікке сәлем берілген уақытта
арасынан біреуі жауап қатқан болса, қалғандарынан міндет түседі. Әли ибн Әбу
Талиб (Алла оған разы болсын): «Жамағат бір жерден өтіп бара жатқанда
араларынан біреуі сәлем берсе, бәрі сәлем бергендей болады. Сондай-ақ отырған
жамағаттан біреуі ғана жауап берген болса, сол жеткілікті», – деген.
Екінші: Сырқаттанса жағдайын біліп,
халін сұрау
Қандай да бір мұсылман науқастанып
қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан
адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне,
сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар
екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі.
Алла Тағаланың құзырында да бұл іс үлкен
сауапты амал болып танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын):
«Бауырының
халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке
дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер
бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша
Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта
жемістер дайындалады», – деген (имам
Тирмизи).
Шариғатта науқас адамның жағдайын
сұрауға арнайы уақыт белгіленбеген. Бірақ сырқаттанған адамға ыңғайлы уақытты
таңдап барған жөн. Барудағы мақсат – ауру адамның көңілін аулау, оған қиындық
туғызбау болғандықтан науқастың ұйықтап демалатын, дәрет алатын, ем қабылдайтын
уақыттарында немесе тым ерте, тым кеш уақыттарда бармаған жөн.
Үшінші: Шақырған болса, шақыруына жауап
беру
Шақырған жерге бару – мұсылман адамның
басқа мұсылмандарға деген ақысы. Ата-бабаларымыз да «Шақырған жерден қалма,
шақырмаған жерге барма» деп, шақырылған жерге бару керектігін айтқан.
Ғалымдарымыз шақырған жерге бару – мустахаб, ал үйлену тойына шақырылған
адамның баруы – уәжіп екенін айтқан. Оған ардақты Пайғамбарымыздың (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін дәлел ретінде келтірген:
«Астың
ең жаманы – кедейлерді тастап, тек ауқатты адамдар шақырылған тойдағы ас. Ал
кім шақырылған жерге бармайтын болса, Алла Тағалаға және Оның елшісіне қарсы
келген болады» (имам Бұхари, Мүслим).
Төртінші: Түшкірсе жақсылық тілеу
Түшкіру – тыныс алу жолдарында тұрып
қалған шаң-тозаңдар мен зиянды ұсақ заттарды қасқағым сәтте іштегі ауаны сыртқа
шығару арқылы іске асатын шартсыз рефлекс. Бір мұсылман түшкірген уақытта
қасында тұрған басқа мұсылман оған жақсылық тілеп, Алладан дұға етуі –
мұсылманның мұсылманға деген ақысы. Яғни қандай да бір мұсылман түшкіріп
«Әл-хамду лиллә» (Аллаға мадақ болсын!) десе, оған дұға жасап «ярхамукалла»
(Алла сені мейіріміне бөлесін!) деп айтуымыз қажет. Ал ол адам өзіне дұға
етушіге: «Яһдика Аллаһу уа юслиху бәләк!» (Алла сені туралыққа бастап, ісіңді
оңдасын!) деп жауап береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:
«Сендерден
кім түшкірсе: «Аллаға мадақ болсын!» – деп Аллаға мақтаулар айтсын, ал оның
бауыры оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін!» – десін. Ал егер оған: «Алла сені
мейіріміне бөлесін» деп айтса, оған түшкіруші жауап ретінде: «Алла сені
туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!» – десін», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).
Қазақ халқында да түшкіргенде
«Жәрекумалла» деп жататындығы осы «Ярхамукалла» (Алла сені мейіріміне бөлесін)
деген сөзден шыққан.
Ал қандай да бір мұсылман суық тиіп,
аурудің себебін түшкірсе, оған шипа тілеп, дұға ету қажет. Ардақты
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында болған бір
кісі түшкіргенде, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла
сені мейіріміне бөлесін», – деп айтады. Кейін әлгі кісі тағы да
түшкіреді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл
кісіге суық тиген», – дейді (имам Мүслим). Тағы бір хадисте ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Бауырыңа үш рет (түшкірсе) дұға
айт. Ал одан көп (түшкіруі) суық тигендік», – деп айтқан (имам Әбу Дәуіт).
Ғалымдар хадистегі «суық
тигендік» деген сөзге байланысты:«бұл ол адамға Алла Тағаладан шипа
тілеу керектігін меңзейді», – деген.
Бесінші Дүниеден өтсе жаназасына қатысу
«Тумақ бар жерде өлмек бар» демекші
әрбір тіршілік иесінің бұл дүниедегі дәм тұзы таусылғаннан кейін жаратқан
Жаратушысына қайтары ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғанкабут» сүресі,
57-аятында:
«Әрбір
жан өлімнің дәмін татады, кейін бізге қайтарылады», – деп айтқан.
Осындай да қандай да бір мұсылман бұл
пәни тіршіліктен бақилыққа аттанар болса, оның жаназасына қатысу мұсылмандық
ақының бірі. Өзге мұсылмандар осындай қиын-қыстау сәтте марқұмның жақындарының
қайғысына ортақтасып, қолынан келгенше жәрдемдесіп, жаназа намазына қатысып,
қабірге дейін жерлеуге қатысқаны жақсы.
Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім
жаназаға қатысып (жаназа) намазын оқитын болса, оған бір қират сауап
бар. Кімде-кім жерленуіне қатысса екі қират сауап бар», – деген. Адамдар: «Екі қират деген не?» – деп сұрақ
қойды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі
үлкен таудай сауап», – деп жауап берген
(имам Бұхари, Мүслим).
Алтыншы: Насихат сұраса насихат айту
Насихат сұраған мұсылман бауырына
насихат айту да – мұсылмандық ақылардың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер біреуіңнің (мұсылман) бауыры
насихат сұраса насихат айтсын»,
– деген (имам Бұхари).
Әдетте насихатты кісі өзі жақын көретін,
жанашыр деп танитын адамнан сұрайды. Сол себепті де насихат сұраған адамға
мұсылманның шынайы ниетімен, жанашырлықпен насихат айтуы өте маңызды деп
танылатын іс. Имам Науауи (Алла оны мейіріміне бөлесін) аталмыш хадиске
қатысты: «Егер сенен насихатты, дұрыс бағыт-бағдар беруді сұраса, оны
насихат етіп, турасын кесіп айт, жағымпазданба, алдама және де насихат айтуға
сараң болма», – деген.
Мұсылман арасында бауырмалдық, жылы
қарым-қатынастың үзілмесі үшін насихатты да белгілі бір әдептердің аясында
айтуымыз қажет. Өйткені кейде насихаттың дұрыс болмағандығынан емес, оның
айтылу тәсілі дұрыс болмағандықтан екі адам арасында реніш туындап жатады. Сол
үшін де насихатты орайына қарай жұмсақ, бауырының көңілін бағып, оған деген
сүйсіпеншілігі мен сыйластығын білдіре отыра айтқан дұрыс. Өйткені жұмсақтық –
ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
насихатындағы негізгі ұстанған жолы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли
Имран» сүресі, 159-аятында Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын):
«Алланың
мейірімімен бойынша сен оларға өте жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал
жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім
етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл», – деп айтқан.
Мұсылмандар арасында осы туыстық,
бауырмалдық қатынасты сақтауда мұсылмандық ақыларды орындаудың мәнісі үлкен.
Ибн әл-Араби әл-Мәлики (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Ислам мұсылман
адамдарды бір дәрежеге қойғанындай бұл ақыларын өтеуде сен де сол теңдікті
сақта. Мынау басшы, мынау бай, мынау кедей, мынау пақыр деп бөлуші болма! Аз
нәрсе болса да оны кішімсіме. Бүкіл исламды бір адамдай бағала! Бүкіл
мұсылмандарды бір адамның денесіндей көр! Себебі мұсылмандарсыз ислам болмайды.
Ол толық адам болуы үшін бүкіл дене мүшелері мен барлық ішкі және сыртқы
күш-қуаты бірдей болуы керек», – деген.
Алла Тағала сыйластығымыз бен
бірлігімізді арттырып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы»
мешітінің имамы
Митератбек
Орынбекұлы