Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінің жамағаты қасиетті Мәуліт айының 25 күнін ғибадатпен өткізуге ниет еткен болатын. Осы орайда «Адамзаттың асылы жүрегімде мәңгілік» атты қайырымдылық акциясы бастау алып, жамағат күнделікті игі амалдар жасауды қолға алды.
Белгіленген 25 күн ішінде жамағат мынадай ғибадаттарды орындады:
1. Салауат айту – күніне 500 рет салауат айту.
2. Құран оқу – арнайы хатым тобына қосылып, аптасына 1 пара оқу.
3. Сира оқу – күн сайын құптан намазының алдында Пайғамбарымыздың кемел сипаттары жайлы дәріс тыңдау.
4. Ізгі амал жасау – бес уақыт намазды мешітте жамағатпен оқу, әсіресе таң намазына жиі қатысу.
5. Ғибадатты күшейту – нәпіл намаздар оқу, әсіресе асырдан алдындағы 4 ракағат сүннет намазы мен шамнан кейінгі 2 ракағат әууабин намазын орындау.
6. Жақсылықта жарысу – күніне 500 теңге садақа беру. Жиналған садақалар мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлауға бағытталды.
Мәуліт айында ұйымдастырылған бұл бастама жамағаттың рухани дамуына серпін беріп қана қоймай, қайырымдылық арқылы қоғамға пайдасын тигізді. Шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.