ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің бастамасымен республикалық деңгейде жүзеге асып жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Шет ауданына қарасты «Күмісбек
молда» мешітінде де өз жалғасын тапты.
Игі іс-шара аясында он балаға жаңа оқу жылына қажетті сөмке, дәптер, қаламсап және басқа да оқу құрал-жабдықтары табыс етілді. Бұл бастама тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың мектепке қуанышпен баруына сеп болды.
Мешіт имамы іс-шара барысында:
- Білім – адамды өрге бастайтын қазына. Жаңа оқу жылының табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндеріміздің қуанышы ортақ. Жамағат болып жұмыла қолдау білдіріп, балалардың оқуына жағдай жасау – үлкен сауапты іс, – деп атап өтті.
Қайырымдылық акциясының соңында ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, мешіт жамағатына ризашылықтарын білдірді.