Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінде дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Игі іс-шараны мешіт имамы Рауан Төлеубеуұлы жамағаттың қолдауымен өткізді.
Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 60 бүлдіршінге мектепке қажетті сөмке, оқу құралдары мен киім-кешектер табысталды.
Өз кезегінде ата-аналар ізгі іске бастамашы болған мешіт ұжымына және демеушілік танытқан жамағатқа ризашылықтарын білдірді.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жүзінен қуаныш көру – біз үшін үлкен бақыт. Қайырымдылық – дініміздің басты құндылықтарының бірі. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын табады», – деді мешіт имамы Рауан Төлеубеуұлы.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында республикалық деңгейде «Мектепке жол» акциясын өткізіп келеді.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі