«Әл Ғаффар» мешітінде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында 8 қыз бала мен 23 ұл балаға қажетті оқу құралдары табысталды. Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету және олардың жаңа оқу жылына толық дайындықпен баруына мүмкіндік жасау.
Іс-шара барысында балаларға сөмке, дәптер, қарындаш, күнделік сияқты оқу құралдары тегін үлестірілді. Мұндай бастамалар жас жеткіншектердің білімге деген ынтасын арттырып, оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталады.
Қасиетті айда жүзеге асқан бұл игі іс-шара балалардың жаңа оқу жылын сеніммен бастауына жол ашты. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жақсылықта жарысыңдар» – деген. Осындай қайырымды істер қоғамдағы бірлік пен берекені нығайта түсетіні сөзсіз.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі