Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінде Милана Владимирқызы есімді орыс ұлтының өкілі хақ дін – Исламды қабылдап, мұсылман атанды. Шариғат талабына сай ол иман келтіріп, кәлима шахадат айтып, жаңа өмір жолына қадам басты.
Осы күні мешітте мұсылманша неке қию рәсімі де өтті. Некені мешіттің бас имамы Асылхан Нұртайұлы қиды. Ол жас жұбайларға Исламдағы отбасының маңызы мен ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі жөнінде тағылымды насихат айтып, ақ батасын берді.
Имам өз сөзінде Ислам діні – бейбітшілік пен мейірімділіктің діні екенін, дінде зорлық-зомбылықтың жоқ екенін және иманның тек адамның өз қалауымен қабылданатынын атап өтті. Сондай-ақ жаңа мұсылманға шариғат негіздерін үйреніп, діни білімін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Мешіт ұжымы мен жамағат Милана ханымды құттықтап, иманы берік, өмірі берекелі болуын тіледі.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі