Center Image
IHSAN.KZ
Қалам мен Құран: Білім мен иман үндестігі
Қалам мен Құран: Білім мен иман үндестігі

Жаңа оқу жылы – әрбір ата-ана, бала және ұстаз үшін үміт пен сенімге толы ерекше кезең. Мектептің алғашқы қоңырауы тек білім жолының бастауы емес, ол – тәрбие мен рухани дамудың да маңызды белесі. Осы тұста білім мен иманның үндестігін ұлықтау – ұлт болашағы үшін аса қажет.

Ислам дінінде білім алудың маңыздылығы айрықша. Қасиетті Құранның алғашқы аятының өзі «Оқы!» деп түсуі – ілім мен оқу-білімге баса мән берілгенінің дәлелі. 

Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған.

Баланың мектепке баруы – ата-анаға аманат. Бұл аманат тек дүниелік іліммен ғана емес, рухани тәрбие мен адамгершілік негіздермен бірге қалыптасуы тиіс. Себебі ғылым – жарық, ал иман – сол жарықты бағыттап тұратын шамшырақ іспетті. Екеуі үндескенде ғана нағыз кемел тұлға қалыптасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да білім мен тәрбие саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Мешіттер жанындағы жазғы діни сауат ашу курстары мен ұстаздардың бала тәрбиесіндегі рөлі – осының дәлелі.

Жаңа оқу маусымы – ата-анаға баласының тәрбиесі мен дамуына сергек қарауға берілген мүмкіндік. Қалам ұстап, партаға отырған жас буын – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан оларға ғылым мен парасаттың, тәртіп пен имандылықтың қатар дарығаны абзал.

Жас ұрпаққа біліммен бірге жүрек тазалығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл құндылықтарды сіңірсек – нағыз рухани білімді ұрпақ өседі.


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz