Қарағанды облысы, Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы әскери қызметкерлермен рухани-танымдық кездесуге қатысты.
Іс-шараға қала әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және арнайы шақырылған қонақтар қатысып, мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік алды. Кездесу барысында имам «Исламдағы әскери қызмет» тақырыбында уағыз-насихат жүргізіп, дін мен Отан қорғау ұғымдарының үйлесімділігіне тоқталды.
Мәулен Кәсенұлы өз сөзінде ислам дінінің бейбітшілікке үндейтінін, ел мен жерді қорғауды азаматтық қана емес, діни борыш деп білетінін атап өтті. Сондай-ақ қазақтың жауынгерлік рухы мен рухани дүниетанымының сабақтастығы тарихи деректер арқылы кеңінен түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, әскери қызмет пен діни ұстанымға қатысты нақты жауаптар алды.
Аталған іс-шара әскери қызметкерлердің рухани дүниетанымын кеңейтіп, елге адал қызмет ету жолындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталды.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі