ҚМДБ-ның Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс имамдары «Darhan Dala» отандық туризімді дамыту жобасы аясында Жидебай батыр бабамыздың кесенесін зиярат етті.
Аталған шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған өңірдің дін қызметкерлері арнайы қатысты.
Шараның басты мақсаты – тарихи тұлғаларды тану, ел қорғаған ерлердің өнегелі өмірін насихаттау және халқымыздың діни-рухани мұрасын жаңғырту.
Зиярат аясында Жидебай батыр рухына Құран аяттары бағышталып, дұға жасалды. Бұдан кейін Жидебай батырдың өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен қайраткерлік қыры туралы мазмұнды түсіндірме жасалып, тағылымды насихат айтылды.
Айта кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасының негізгі мақсаты – ел ішіндегі тарихи және киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, шариғат талаптарына сай әдебі мен тәртібін үйрету, дін мен дәстүр сабақтастығын кеңінен насихаттау болып табылады.
Қарағанды облысында жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан бұл игі жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.