Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде және Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен өңір имамдары Шет ауданына арнайы сапармен барып, «Көшпелі уағыз керуені» аясында бірқатар ауылдық елді мекендерде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді.
Аталған игі іс-шара Ағадыр кенті, Нұра-Талды, Босаға, Ақсу-Аюлы, Жұмыскер, Сәкен Сейфуллин, Талды ауылдарын және Ақжал кентін қамтыды.
Сапар барысында облысқа қарасты дін қызметкерлері Шет ауданына қарасты мешіттерде жамағатпен кездесіп, «Разылықтың сауабы» тақырыбында әсерлі уағыздар айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында имамдар жамағатты ізгі амалдар жасауға, бірлік пен ынтымақты арттыруға, діни және ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұлықтауға шақырып, ел амандығы мен жердің тыныштығы үшін арнайы дұға жасады.
Аталған жоба аясындағы насихат жұмыстарының басты мақсаты – шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындардың діни сауатын арттыру, мешітпен байланысты нығайту, рухани қолдау көрсету және қоғамда имандылық пен адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау.
«Көшпелі уағыз керуені» алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өзге де өңірлерде жүзеге асырылмақ.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі