Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыттар қалды. Тамыз айы – ата-ана үшін де, оқушы үшін де ерекше жауапты кезең. Бұл – баланы мектепке дайындау, білім алуға бейімдеу және оның келешегіне маңызды қадам жасау уақыты. Қоғам үшін маңызды осы сәтте дін мен дәстүр сабақтастығы тұрғысынан да бірқатар ой түю – орынды әрі қажет.
Ислам діні – ілім мен білімге үндейтін асыл дін. Құран кәрімде Алла Тағала былай дейді:
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зүмәр сүресі, 9-аят).
Бұл аят – білімнің қадірін білдіретін терең насихат. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ:
«Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» – деп, ұрпақ тәрбиесі мен оқу-білімге ұмтылыстың маңыздылығын нақты көрсетіп кеткен.
Мектепке дайындық – тек киім мен құрал емес
Мектепке дайындық науқаны тек сөмке, дәптер, киім-кешек алу деген ұғыммен шектелмейді. Бұл – балаға рухани, психологиялық, отбасылық қолдау көрсету кезеңі. Ата-ана тарапынан берілетін жылы сөз, дұға, мотивация мен жақсы көңіл-күй – баланың оқу табысына тікелей әсер ететін маңызды факторлар.
Қасиетті дінімізде жақсы тілек пен дұғаның күші ерекше. Мектепке алғаш қадам басқан бүлдіршінге:
«Алла Тағала білімді бала қылсын»,
«Ілімді – амалымен көркейтер азамат болғай»,
«Оқыған білімі халыққа пайда әкелсін» – деген ізгі ниеттегі сөздер айтылуы – тәрбиенің бастауы.
Игі істің сауабы мол
Оқу науқаны кезінде аз қамтылған, көпбалалы немесе мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету – әрбір азаматтың азаматтық әрі мұсылмандық міндеті. Пайғамбарымыз ﷺ:
«Кімде-кім бір мұсылманды қиындықтан құтқарса, Алла Тағала оны қияметтегі қиындықтардан құтқарады» – деген.
Бұл – «Мектепке жол» акциясы аясында жасалған әрбір қайырымдылықтың үлкен сауап екенін білдіреді.
Мешіттер мен қайырымдылық қорлары тарапынан ұйымдастырылып жатқан оқу құралдарын тарату, киім-кешекпен қамту, оқуға жігерлендіру сынды шаралар – елдегі бірлік пен ізгіліктің айқын көрінісі.
Бала – Алланың аманаты. Оны білімге баулу, дұрыс ортаға салу, рухани тәрбие беру – ата-анаға, қоғамға, ұстазға, дін қызметкеріне ортақ жауапкершілік. Жаңа оқу жылы – тек білім алудың ғана емес, адам болуға ұмтылудың да баспалдағы. Ендеше, ұрпағымыз білімді де ізгілікті болсын десек, мектепке дайындықты рухани әрі материалдық тұрғыдан қатар алып жүрейік.
Алла Тағала еліміздің әрбір бүлдіршініне сапалы білім, саналы тәрбие, жарқын болашақ нәсіп етсін!