Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде заман талабына сай «Ақпараттық және цифрлық даму» бөлмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жаңа бөлменің лентасын қиды.
Аталған бөлменің ашылу мақсаты – діни қызметте заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану арқылы жамағатқа сапалы әрі жедел ақпараттық қызмет көрсету, сондай-ақ цифрлық даму бағытын жүйелі жолға қою.
Жаңа бөлме аясында мешіттің ресми сайттары мен әлеуметтік желілерін жүргізу, фото-видео материалдар әзірлеу, уағыз-насихат контентін цифрлық форматта тарату секілді жұмыстар атқарылады.
Сондай-ақ, іс-шара аясында Қарағанды облысының ресми ihsan.kz сайтының жаңартылған нұсқасы таныстырылды. Бұл портал өңірдегі діни жаңалықтарды кеңінен таратуға, халық пен мешіт арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш жобаны қолдай отырып, діни ақпаратты заманауи форматта жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастаманың өңірдегі діни-ағартушылық жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі