Адам баласы жалғыз өмір сүре алмайды. Қасында сыр бөлісетін, қуанышын бірге бөлісіп, қайғысын жеңілдететін адам болғаны – өмірдің ең үлкен сыйы. Сол себепті достықтың орны әрқашан биік. Бірақ кез келген таныс дос бола алмайды. Нағыз достық – шынайылық пен жауапкершілікке негізделеді. Достықтың міндеттері де осындай қасиеттерден басталады.
Ең бірінші міндет – адалдық пен сенім. Досыңның сенімін жоғалтпау – үлкен жауапкершілік. Бір адамның жүрегіндегі сырын сақтау, қиын кезінде сата салмау – мықты достықтың белгісі. Адал дос ешқашан сатпайды, жалған сөйлемейді.
Екінші – қиын сәтте жаныңнан табылу. Жақсы күнде бәрі дос болғысы келеді, ал қиын шақта шын дос пен жай таныс айқындалады. Сол себепті, дос болдың ба – онда оның басына іс түскенде жаныңнан табыл.
Үшінші – сыйластық пен түсіністік. Әр адамның мінезі, тәрбиесі, көзқарасы әртүрлі. Бірақ шынайы дос бір-бірінің ерекшелігін құрметтеп, түсіне білуі қажет. Түсінбестік туған жағдайда ашық сөйлесіп, ренжісіп қалмауға тырысу – достықтың ең маңызды шарты.
Төртінші – жақсылыққа жетелеу, қателігін түзету. Егер досың теріс жолға түсіп бара жатса, үнсіз қалу – сатқындық. Ал ескерту, тоқтату – нағыз қамқорлық. Бірақ сынау емес, түсіндіру арқылы ақыл айту керек. Соңғысы – бірге қуанып, бірге қайғырту. Шын дос қуанышты қызғанбай бөліседі, қайғыны бірге көтереді. Бұл – жүректен шыққан достықтың белгісі.
Бесінші – қуаныш пен қайғыны бөлісу. Шын дос қуанышты қызғанбай бөлісіп, қайғыны бірге көтереді. Бұл – жүректен шыққан достықтың белгісі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген:
«الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ»
«Адам досының дінінде. Сіздерден қайсыбіріңіз кіммен дос екендігіне қарасын!»
(Әбу Дәуіт, Тирмизи)
Бұл хадис дос таңдаудың маңызын терең жеткізеді. Өйткені дос – адамды не жақсылыққа, не жамандыққа жетелейді. Сондықтан досқа қарап, өзіңнің кім екеніңді білуге болады. Қорыта айтқанда, достық – тек бірге күлу емес, бірге өмір сүру, бірге өсу. Әр адам шын дос болуға ұмтылса, қоғамда сенім мен мейірім көп болар еді. Сондықтан достықты бағалайық, достыққа лайық болайық!
Ақтоғай аудандық мешітінің имамы
Еркін Әуелбекұлы