Дін ғұламасы, нақу-сарф бойынша білім алған, жеті тілдің білгірі, 1961 жылы алғаш басқа ұлт өкілдерімен бірге қажылық сапарға барған, Мекке қаласының сол кездегі патшасы Сауд бин Абдулазизбен сұхбат құрған, Қарағанды облысының Орталық мешітінің имамы болған (1961–1976 жж.) Қажыбай Мәндібай қажы бір өлеңінде жастарға былай деп насихат айтқан:
Балалар, сөз жаздым сендерге арнап,
Ұғыңдар ақылменен талдап-талдап.
Өмірден көргенімді айтып кеттім,
Алыңдар үлгі етіп, сендер жаттап.
Әділ бол, шыншыл бол, көркем мінез,
Өзіңді тексере жүр ертелі-кеш.
Ренжітпе ешкімді тіршілікте,
Болмасын өміріңде ешкімде өш.
Бабаларымыздың осы тәрізді асыл сөздері жастарға бағытталған рухани бағдар іспетті. Міне, осындай тағылымды сөздерге де ширек ғасырдан асып барады. Ал кейінгі буын – біздер – осы мәселелерді қозғауды, жастарды жақсылыққа үндеп, көркем мінезге шақыруды тоқтатпауымыз қажет.
Бүгінгі таңда жастардың қоғамдағы орны айқын. Уақыт талабына ілесе отырып, түрлі жетістіктерге жетіп жатыр. Дегенмен заман ағымы өзімен бірге көптеген өзгерістер әкеліп отыр. Қазіргі қоғам – әлеуметтік желі мен интернеттің дәуірі. Алайда осы тұста Қажыбай қажы атамыз айтқандай: «Ілім – білімнің қайнар көзі болған кітапты санамызға сіңіре алып жүрміз бе?» – деген сауал туындайды.
Шын мәнінде, бүгінде кітап оқуға деген қызығушылық азайған. Кітап парақтауға ынталы жандар сиреп барады. Кітапханаға барушылар – негізінен шығармашылықпен айналысатындар ғана. Ал көпшілік – смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелді. Ақпараттың аражігін ажырата алмағандықтан, қажетсіз мәліметтер сана кеңістігін қоқысқа айналдырып, ойлау қабілетіне зиян тигізуде. Бұл – дәрігерлердің де жиі айтып жүрген мәселесі.
Осы орайда жастар арасындағы діни мәселелер де назардан тыс қалмауы керек. Қазіргі заманда жастардың рухани құндылықтарды игеруі, діни білім алуы, қоғамдағы діни ұстанымдарға көзқарасы өзекті тақырыпқа айналған.
Кейбір жастар діни мәліметтерді тек әлеуметтік желіден, интернеттен алады. Алайда ол деректердің барлығы шынайы бола бермейді. Жалған немесе бұрмаланған діни ақпараттар жастарды теріс ағымға, радикалды түсінікке жетелеуі мүмкін. Бұл әсіресе діни білімнің таяздығынан, төзімділік жетіспеушілігінен және заманауи талап пен діннің үйлесімін түсінбеуден туындайды.
Жастарға дұрыс діни білім беру, сенімді ақпарат көздерін ұсыну, рухани даму жолдарын көрсету – бүгінгі күннің басты қажеттіліктерінің бірі. Дінді дұрыс түсініп, оны өмірімен үйлестіре алған жас – қоғамға да, өз болашағына да пайда әкеледі.
Өкінішке қарай, интернеттегі радикалды мазмұндар мен экстремистік сайттар әлі де қолжетімді. Ата-анасынан мардымды жауап ала алмаған бала еріксіз интернетке жүгінеді. Ал сол желілерде тыйым салынған псевдошейхтардың уағыздары, заңсыз топтардың үгіт-насихаттары еркін таралып жатыр. Бұлар – жастар санасына қауіп төндіретін факторлар. Жастар жиі лайк басып, пікір қалдырып, түрлі мазмұндармен бөлісу арқылы өзі де байқамай сол ағынға ілесіп кетіп жатады. Оның ішінде жиһадқа, мемлекетке қарсы шығуға үндейтін видеолар да жоқ емес.
Алайда бұл қиындықтардың шешімі бар. Қазіргі таңда жастардың ой-өрісін дұрыс бағытқа бұруға арналған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – ұлттық спорт түрлері. Мәселен, жастардың көкпар сияқты ат спортына бет бұруы қуантарлық. Қолөнерге, шығармашылыққа бейімделген жастар да қоғамға пайдалы еңбекпен айналысып келеді. Бұлардың бәрі – тәрбиелік мәні жоғары бағыттар.
Қорытындылай келе, жастардың мінезі, білімі, ойлау қабілеті – бәрі өз қолдарында. Білімге ұмтылып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіре алған ұрпақ – елдің жарқын болашағы.
Айдаржан Қасенов
Шабанбай би ауылы мешітінің молласы