«Жастар және рухани ұстаным: Заман айнасы»
Қоғамның келешегі – жастардың қолында. Әр дәуірдің жастарына жүктелетін міндет те, үміт те өзгеше. Бүгінгі жастар – цифрлы технологияның ортасында қалыптасып жатқан буын. Сондықтан да олардың дүниетанымы, рухани ізденісі, мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттері – ерекше назарды қажет етеді.
Халқымызда «Жақсыдан шарапат» деген тәмсіл бар. Сол жақсы адамдардың бірі – дін ғұламасы, нақу-сарф ilmдерін меңгерген, жеті тілге жүйрік, 1961 жылы қажылық парызын өтеуге алғашқылардың қатарында шетелге сапар шеккен, Қарағанды облысының орталық мешітінде (1961–1976 жж.) имамдық қызмет атқарған Қажыбай Мәндібай қажы еді. Ол кісі бір өлеңінде жастарға былай деп насихат айтқан:
«Балалар, сөз жаздым сендерге арнап,
Ұғыңдар ақылменен талдап-талдап.
Өмірден көргенімді айтып кеттім,
Алыңдар үлгі етіп сендер жаттап.
Әділ бол, шыншыл бол, көркем мінез,
Өзіңді тексере жүр ертелі-кеш.
Ренжітпе ешкімді тіршілікте,
Болмасын өміріңде ешкімде өш».
Бұл – жүректен шыққан сөз. Кең тынысты кеңес дәуірінің қиындығында өмір сүрген имамның әрбір өлең жолында үлкен тәрбие, өнеге жатыр. Міне, осындай ұлттың рухани көсемдері жастарға жол көрсетуді ешқашан тоқтатпаған. Бүгінгі буын да сол жолды жалғауға тиіс.
Қазір – ақпарат пен технология заманы. Жастарымыз білімге, жаңалыққа құмар. Дегенмен, бұл мүмкіндіктермен қатар түрлі қауіп-қатер де қатар жүр. Бүгінгі интернет кеңістігі – теңіз тәрізді, ішінде інжу де бар, ірің де бар. Өкінішке қарай, кітап оқуға деген қызығушылық күннен күнге төмендеп барады. Балалар да, ересектер де көбіне смартфонға телміріп, әлеуметтік желіде виртуалды өмір кешіп кеткен.
Мәселе – тек уақыт өткізуде емес. Бүгінгі таңда кейбір жастар діни білімді әлеуметтік желілер мен бейресми сайттардан алып жүр. Ондағы ақпараттар көп жағдайда бұрмаланған, тексерілмеген, тіпті қауіпті идеологияларды таратады. Радикалды топтардың уағыздарына елітіп, шындық пен жалғанның аражігін ажырата алмай қалған жастар қатары да баршылық. Бұл – қоғам үшін үлкен дабыл.
Дін – тәрбие мен көркем мінездің бастауы. Руханият жолына түскен адам – сабырлы, ұстамды, кешірімді, мейірімді, білімді болуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбір жастар діни фанатизмге бой алдырып, төзімділіктен алыстап бара жатыр. Мұның бір себебі – діни білімнің таяздығы мен сенімді ұстаздың жоқтығы. Интернеттегі псевдошейхтардың әсері де осындай жағдайға жеткізуде.
Не істеу керек?
Бірінші кезекте – дұрыс діни білім қажет. Бұл – мешіттегі сауат ашу курстары, сенімді имамдардың уағыздары, ҚМДБ бекіткен оқулықтар арқылы жүзеге асуы тиіс.
Екіншіден – ата-аналар мен ұстаздардың жастармен ашық әңгіме жүргізуі өте маңызды. Жастар сұрағына жауап таппаса, интернеттен іздейді. Ал интернет – досың да, дұшпаның да бола алады.
Үшіншіден – жастарды рухани, мәдени, спорттық, шығармашылық жобаларға белсене тарту қажет. Мысалы, ат спорты, ұлттық өнер, қолөнер, шығармашылық үйірмелер – жастарды пайдалы іспен айналысуға жетелейді.
Қорытындылай келе, жастардың мінезі, ой-санасы, дүниетанымы – ұлттың болашағы. Әр жас өз өмірінің жауапкершілігін сезінсе, білім мен руханиятты қатар алып жүрсе, болашағымыз да жарқын болмақ. Қажыбай қажы сынды ел ағаларының өсиеті де, бүгінгі қоғамның тілегі де – жастардың парасатты, білімді, рухты болуы.
«Ілім – білімнің қайнар көзі кітап» десек, сол кітапты жастардың санасына қайтадан сіңірейік. Себебі жүректі біліммен тәрбиелемесе, желмен ұшатын қауырсын тәрізді бағытынан адасуы оңай.