Center Image
IHSAN.KZ
Лудомания дертінен сақ болайық
Лудомания дертінен сақ болайық

Мамандардың айтуынша, лудомания дегеніміз – ойын құмарлық. «Лудо» сөзі латынша «ойнау» ұғымын білдірсе, «мания» сөзі ежелгі грек тілінде ессіздік, құмарлық мағынасын береді. Қазіргі таңда әртүрлі ойындарға бәс тігіп, патологиялық дерт түріне айналған ойынқұмарлықты лудомания, игромания немесе гэмблинг деп атайды. Бұл – құмар ойындарға тәуелділіктің ауру түрі. Осындай халге түскен адам бірнеше мәрте азарттық ойындарға салынып, тәуелді күйге ұшырайды.

Лудомания дертіне шалдыққан адамның отбасылық, әлеуметтік, кәсіби және материалдық құндылықтары төмендеп, оларға немқұрайлы қарай бастайды. Жауапкершілігі төмендейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертті «құмар ойындарға патологиялық тәуелділік» деп атаған.

 

Құмар ойындарының қоғамға зияны

Соңғы уақытта ақша салатын ойын автоматтары, казинолар мен букмекерлік орталықтардың көбеюі ойынқұмарлыққа шалдыққандардың санын күрт арттыра түсті. Бұл өз кезегінде талай отбасының шаңырағын шайқалтып, кәсібі оңынан жүрген азаматтарды құрдымға итермелеп жатыр.

Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтың айтуынша, құмар ойындарға тәуелділердің саны 300 мың деген мәлімет қазір ескірген. Оның есебінше, елімізде кемінде бір миллион адам құмар ойындарға үйір немесе күніне жүз мыңдаған адам құмар ойындарына ақша тігеді. Бұл – қоғам үшін өте күрделі әрі қауіпті мәселе. Себебі құмарлыққа берілген адам өзін ғана емес, айналасына да үлкен зиян келтіреді.

Асыл дініміз Ислам жеке тұлғаның жан-жақты дамуын және кәсібінің өрге басуын қалайды әрі зиянды нәрселерден сақтандырады. Шариғатта барлық құмар ойындарына қатаң тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанға тән лас істер. Ендеше, мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар» («Мәйда» сүресі, 90-аят), – дейді.

Тіпті жай ғана бір жолдасыңды құмар ойынға шақырудың өзі күнә саналып, одан тазару үшін садақа беру қажет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кім жолдасына "кел, құмар ойнайық" десе, садақа берсін», – деген (Бұхари, Мүслим).

Құранда тағы бір аятта:

«Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар», – деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).

Лудомания дертіне шалдыққан адамдарда суицид (өз-өзіне қол салу), отбасылық жанжалдар, ағайын арасында дау-жанжал жиі орын алады. Себебі бұл психикалық ауытқу болып саналады. Қасиетті Құран бұл туралы ескертеді:

«Шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан бөгеуді қалайды. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?» («Мәйда» сүресі, 91-аят).

Сондықтан бұндай ойын түрлеріне заң арқылы тыйым салу керек. Бәлкім бұл ойындарды ұйымдастырып жүрген ұйымдар немесе мекемелер мемлекетке салық төлеу арқылы пайда беріп жатыр деп айтарсыз?! Алайда алдымызда жеке адамның өміріне, отбасы амандығына қауіп қатер төніп тұрғанда аталмыш салық пайдалы болмайды. Бір пайда арқылы келесі бір зиян келетін болса, пайданы тоқтатып, зиянды жою қажет болады. Бұл шариғатымыздың көрсеткен жолы.

 

Лудоманияның даму сатылары

Лудоманиядамуының 3 сатысы  белгілі (Custer, 1984):

1.    Ұтыс сатысы – әлеуметтікгемблинг,

2.    Ұтылу сатысы – қарқынды  гемблинг,

3.    Түңілу сатысы – проблемалы  гемблинг.

Психикалық сауықтыру орталығының мамандары лудомания дертінің үш сатысын көрсеткен:

Ұтыс сатысы – кездейсоқ ойын, жиі ұтыстар, жалған оптимизм, ойын туралы қиялдау, ұтысқа сену.

Ұтылу сатысы – жалғыздықта ойнау, ойынды тоқтата алмау, проблеманы жасыру, өтірік айту, қарыз алу, агрессияның пайда болуы.

Түңілу сатысы – кәсіби және жеке абыройынан айырылу, қарызға батуы, отбасы мен достарынан алыстауы, заңсыз әрекеттерге баруы, өзін-өзі өлтіруге талпынуы.

Сондықтан жалпы алғанда мұсылман адам осы өмірін мәнді өткізуі үшін бес нәрсенің қадірін білу керек. Алла елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастықшақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген (имам Хаким). Бұл хадисте әрбір кезеңді, әр уақытыңды пайдалы һәм адал іспен өткізу қажеттілігін ескертіп жатыр. Олай болса аталмыш дертке шалдықпас үшін құмар ойыннан өзімізді аулақ ұстап, жастарға оның зиянын ашықтап баяндау қажет. Бұл әрбір ата-ананың, мектептің, әкімшіліктің аса үлкен мән беріп тәрбиелік жұмыс жүргізуді қажет ететін мәселе болып табылады. Егер де осы дертке шалдыққан жандар болса, психикалық сауықтыру орталығының мына бір мәліметін ұсынамыз:

Лудоманияға ұшыраған жандардың 3 қиындығы

• Лудоманияға шалдыққан науқастардың отбасы бұзылуы және қаржылық қиындықтар.

• Құқыққа қайшы әрекеттердің таралуы-лудоманияға шалдыққан науқастардың  60% құқық бұзады.

• Жоғары суицид қауіп-қатері – лудоманияға шалдыққан науқастардың  13- тен 40% -ға дейін науқас өзіне-өзі қол жұмсайды,   32-70% -да суицид жайлы ой келеді.

Психологиялық орталықтар лудомания дертіне шалдыққандарды емдеудің бірнеше жолын ұсынады:

Диагностика және себептерін анықтау.

Психологиялық түзету (психотерапия).

Жақын адамдармен қарым-қатынасты қалпына келтіру.

Жігер қасиетін күшейтіп, өзін-өзі бағалауды жоғарылату.

Ойынға деген құмарлыққа қарсы тұруға үйрету.

Бұл кезеңдер науқастың қалыпты өмірге қайта оралуына көмектеседі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейлікке ұшырамай байлықтың, жұмысбасты болмай бос уақыттың, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» (Имам Хаким), – деген.

Ендеше, жастарымызды осындай зиянды әдеттен аулақ ұстау үшін әрбір отбасы, мектеп, әкімшілік бірлесіп әрекет етуі керек.

Алла Тағала елімізді, әсіресе жастарымызды түрлі дерт пен адасудан сақтап, ата-бабамыз ұстанған хақ дініміз Исламнан ажыратпасын!

 

Митератбек Орынбекұлы

Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінің имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz