Center Image
IHSAN.KZ
ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕДІ
ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА КЕТІРЕДІ

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Адам баласын бұл дүниеде де, ақыретте де зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойын. Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар ойын, пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанның лас істерінен. Сондықтан олардан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар!»

(«Мәйда» сүресі, 90-аят)

 

Аятта құмар ойын «рижс», яғни лас, зиянды, күнәлі іс деп аталады. Мұндай сипаттама жай айтылмаған. Бұл істердің шайтаннан екендігі де кездейсоқ емес. Себебі шайтанның басты мақсаты – адамды азғырып, Алладан алыстату, ақыреттен үмітін үзіп, тозаққа жетелеу.

«Жуымаңдар» деген бұйрық – «жасама» деген сөзден де күштірек. Өйткені бұл сөз істемек түгілі, оған жақындауға да болмайтынын білдіреді.

Аяттың соңында:

لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Мүмкін, құтыларсыңдар» – деуі де үлкен мағына береді. Яғни құмарды тастау – адамды құтылуға, жеңіске, шынайы бақытқа жетелейді. Мұсылманның мұраты – екі дүниенің бақытына қол жеткізу. Ал бұл жолда кез келген бөгетті, соның ішінде құмарды да, міндетті түрде тастау қажет.

 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

مَنْ حَلَفَ فَقَالَ فِي حَلِفِهِ: بِاللَّاتِ وَالْعُزَّى، فَلْيَقُلْ: لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ، وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ: تَعَالَ أُقَامِرْكَ، فَلْيَتَصَدَّقْ

«Кімде-кім ант еткенде Лат пен Узза (пұттардың) атымен ант етсе, дереу: «Лә иләһа иллаллаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) – десін. Ал кім досына: «Жүр, құмар ойнайық» – десе, садақа берсін».

(Имам Бұхари, Мүслим)

Бұл хадисте құмар ойнау былай тұрсын, оған шақырудың өзі күнә екені айқын көрсетілген. Ислам шариғаты адамның ақылын, малын, рухын және қоғамның тұтастығын бұзатын барлық ойын түрлеріне тыйым салған.

 

ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ЗИЯНДАРЫ

1. Құмар – үлкен күнә

Құмар арқылы біреудің ақысын жеу – зұлымдық. Қасиетті Құранда:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ ۖ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ

«(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен арақ пен құмар жайлы сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар» – деп айт»

(«Бақара» сүресі, 219-аят)

 

Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Әрбір мұсылманның қаны, малы және ар-намысы – екінші мұсылман үшін харам (тиіспеуі тиіс)» – деп ескерткен.

 

Құмар ойын – харам жолмен табыс табу, өзгенің маңдай терін жеу. Мұсылман адам мұндай кәсіппен айналыспауы тиіс.

Құмар ойынға салынған адам жалқаулыққа, сұрамшақтыққа, рухани азғындыққа бой алдырып, отбасына, қоғамға зиян тигізеді. Құмардан ажырай алмағандар арасында ұрлық, зорлық, ажырасу, тіпті өз-өзіне қол жұмсау секілді қайғылы жағдайлар жиі кездеседі.

 

Қисса

Бір жас жігіт жаман әдеттен арылудың жолын сұрап данышпанға барыпты. Данышпан оған:

– Анау тұрған шыбықты жұлып көрші, – дейді.

Жігіт оны оп-оңай жұлып алады.

– Енді мына жуанын жұлып көр, – дейді. Жігіт достарын шақырып жұлады.

Содан кейін данышпан одан да жуан ағашты көрсетеді. Бұл жолы қанша адам жабылса да, ағаш орнынан қозғамайды.

Сонда данышпан:

– Көрдің бе, жаман әдеттен бастапқы кезде құтылу оңай. Ал ол бойыңа сіңіп кетсе, қанша адам көмектессе де, кеш болады, – дейді.

 

2. Құмар адамдар арасында дұшпандық туғызады

Ислам бауырмалдыққа, бірлікке үндейді. Құмар ойнаған адам дүниесін жоғалтқанда, ұтқан адамға көре алмай, кек сақтап, дұшпандық ойлай бастайды. Бұл – қоғам ішіне іріткі салатын қауіпті фактор.

 

Құранда былай делінген:

إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلَاةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

«Шайтан арақ пен құмар арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік салуды әрі сендерді Алланы еске алудан және намаздан тосу мақсатын көздейді. Ендеше, тыйыласыңдар ма?»

(«Мәйда» сүресі, 91-аят)

 

Құмар – Алланы еске алуға, намазға, иманға тосқауыл. Оған берілген адам ойынның шырмауында жүріп, ақыл-есінен айырылады.

Шайтан малғұн арақ пен құмар ойынды адамдар арасындағы бауырмалдық пен татулықты бұзу үшін айла ретінде қолданады. Ол – жақын достар мен ағайындардың арасын суыту үшін барлық амалын жасайды. Құмар ойыннан жеңіліп, өзін тоқтата алмаған адам кейін мал-мүлкінен түгел айырылып, жеңген адамға да, ұйымдастырған ортаға да ашу-ыза мен өшпенділікпен қарай бастайды. Стресс пен күйзеліске түсіп, айналасындағыларға өшпенділікпен қарап, қоғамнан алшақтайды.

Қанша жерден өз еркімен бәс тіккенімен, жеңілген сәтте адамның жүрегі қынжылып, көңіл-күйі түсетіні анық. Ал сауда-саттық секілді адал кәсіпте адам ерікті түрде келісімге келеді. Ешкім оған қысым жасамайды.

 

Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِّنكُمْ وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Уа, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер! Ал өзара келісімге негізделген сауда-саттық – басқа. Сондай-ақ өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Шындығында, Алла сендерге өте мейірімді»

(«Ниса» сүресі, 29-аят)

Сондықтан мұсылман адам өзара араздық тудыратын істерден бойын аулақ ұстап, қоғамда бауырмалдық пен ауызбіршілікті нығайтатын ізгі амалдарға ұмтылуы қажет.

 

Үшінші: Құмар – ысыраптың бастауы

Ысырап – мал-дүниені қажеттіліктен тыс, орынсыз жұмсау. Ал құмар ойынға кеткен қаражат – ең үлкен ысырап. Ондай адамның тапқаны берекесіз, өмірі мазасыз болады. Ол бар табысын құмарға құйып, «бәлкім осы жолы ұтармын» деген бос үмітпен жүреді. Қажет болса, ақша табу үшін қарызға батып, алдап, тіпті ең жақындарының алдында қадірін жоғалтады.

 

Абай хакім айтқан:

«Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз» –

деп, мал шашуды зиянды әдеттің бірі ретінде атап көрсеткен.

 

Ал Алла Тағала Құранда:

وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلَا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا

«Жақын туысыңа, мұқтажға, жолда қалғанға тиесілісін бер. Бірақ ысырап етпеңдер»

(«Исра» сүресі, 26-аят)

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

إِنَّ اللَّهَ كَرِهَ لَكُمْ ثَلَاثًا: قِيلَ وَقَالَ، وَإِضَاعَةَ الْمَالِ، وَكَثْرَةَ السُّؤَالِ

«Алла сендерге үш нәрсені ұнатпайды:

– Бос өсек айтуды;

– Мал-мүлікті ысырап етуді;

– Көп, орынсыз сұрауды»

(Хадис – Бұхари, Мүслим)

 

Төртінші: Құмар – уақыттың жауы

Құмар ойын – адамның уақыты мен жастығын ұрлайтын індет. «Уақыт өлтіремін» деп ойынға беріліп, күнәһар істерге жол ашу – өмірінің қадірін білмеген адам ғана жасайтын іс. Ізгілер айтқан:

 

«Уақытың босқа өтсе – өмірің бос өтті».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

«Көп адам қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт» – деген.

 

Тағы бір хадисте:

اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ، وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені қадірле:

– Кәрілік келмей тұрып жастығыңды;

– Ауырмай тұрып денсаулығыңды;

– Кедейлік келмей тұрып байлығыңды;

– Жұмысбасты болмай тұрып бос уақытыңды;

– Ажал жетпей тұрып өміріңді»

(имам Хаким)

 

Қисса

Бір дана адам шәкірттеріне сабақ беру үшін бос құмыраны алып, ірі тастармен толтырады. Сосын:

– Құмыра толды ма? – деп сұрайды.

– Иә, – дейді шәкірттері.

Ол енді бұршақ толы ыдысты құмыраға құяды. Бұршақ тастар арасындағы бос кеңістікті толтырады.

– Енді ше? Толды ма?

– Иә, – деп жауап береді шәкірттер.

Содан соң дана адам құмды құяды. Құм бұршақ пен тастың арасындағы жерді толтырып кетеді. Тағы да:

– Енді толды ма?

– Иә, – дейді шәкірттері.

Соңында дана адам су құйып, құмыраны тіпті толықтырып жібереді де:

– Бұл құмыра – сендердің өмірлерің. Тас – ең маңызды нәрселер: отбасы, денсаулық, достар. Бұршақ – күнделікті қуаныштар. Құм – өмірдегі ұсақ-түйектер. Ал егер өміріңді басынан ұсақ-түйекпен толтырып тастасаң, маңызды нәрселерге орын қалмайды, – деген екен.

 

Құмар ойыннан құтылудың жолдары

Ойлану – өмірлік мақсатыңды, уақыттың қадірін сезініп, зиянды әдеттен арылуға шынайы ниеттену.

 

Нәпсіні тыю – қалауға ерік бермеу. Құранда айтылған:

وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى

«Кім Раббысының алдында тұрудан қорқып, нәпсісін қалаудан тыйса – оның орны Жәннат болады»

(«Назиғат» сүресі, 40-41-аяттар)

 

Адал еңбек – Пайғамбарымыз:

طَلَبُ كَسْبِ الْحَلَالِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал ризық табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз»

(имам Бәйһақи)

Балаларды тәрбиелеу – адалдық пен жауапкершілікті жастайынан үйрету.

Жаман ортадан алшақтау – жақсы дос табу. Хадисте:

الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ، فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ

«Адам – досының дінінде. Сондықтан кіммен дос болатыныңа қара»

(имам Тирмизи)

 

Құрметті жамағат!

Құмар ойын – жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға кесірін тигізетін қауіпті індет. Ел болашағын ойласақ, жастарымызға оның зиянын насихаттап, бұқаралық ақпарат құралдары мен мешіт мінберлерінен үзбей ескертіп отыруымыз қажет.

Сөз соңында Пайғамбарымыздың мына дұғасын айтып жүрейік:

اللَّهُمَّ أَرِنَا الْحَقَّ حَقًّا وَارْزُقْنَا اتِّبَاعَهُ، وَأَرِنَا الْبَاطِلَ بَاطِلًا وَارْزُقْنَا اجْتِنَابَهُ

«Уа, Аллам! Бізге ақиқаттың ақиқат екенін көрсетіп, соған ерік бер. Жалғанды жалған етіп көрсетіп, одан аулақ болуға күш-қуат бере гөр!»

Алла Тағала баршамызды нәпсінің арбауынан, күнәлі істерден сақтасын!

 

Сәбит Базарбайұлы

Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz