Center Image
IHSAN.KZ
Жастар және дін
Жастар және дін

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Осы құнарлы кезеңнің көктемінде жас топыраққа егін егіп үлгермесеңіз, күзде мол өнім күтпей-ақ қойыңыз. Жастық шақтың айқын ерекшелігі – рухани жетілу мен кемелдікті қабылдауға деген дайындық пен қабілет.

Жастардың дұрыс көзқараста болып, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру үшін мына жайттарға ерекше көңіл бөлу қажет:

 

Имандылыққа тәрбиелеу

Пайғамбарымыздың (ﷺ) жастайынан имандылыққа тәрбиеленген жастар жайлы айтқан хадисі бар:

«عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لَا ظِلَّ إِلَّا ظِلُّهُ وَشَابٌّ نَشَأَ فِي طَاعَةِ اللهِ»

Мағынасы: «Көлеңке болмаған күні Алланың көлеңкесінде болатын жеті адамның бірі – жастайынан құлшылыққа берілген жас» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис).

 

Дұрыс сенім қалыптастыру

Мұсылманның негізгі сенімі – Алланың бар әрі бір екендігіне, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жамандығы Алла тарапынан екендігіне илану. Алла барлық кемшіліктерден және жаратылыс сипаттарынан пәк. Ол – естуші, көруші, құдіретті, мәңгі, серігі жоқ және ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Сенімі дұрыс емес адамның құлшылығы да қабыл болмайды.

 

Отансүйгіштік қасиетті сіңіру

«Отанды сүю – иманнан». Дінімізде отансүйгіштік – мұсылманға тән қасиет. Ибн Аббастан жеткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ): «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер тұрғындарың сенен шығармағанда, сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деп, туған жері Меккеге ерекше ықылас танытқан.

Алла жолында, Отан үшін соғысып, дүниеден өткен адамды «шаһид» дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мынадай екі көзді тозақ оты күйдірмейді: Алладан қорқып жылаған көз және Алла жолында ел күзеткен көз», – деп айтқан.

 

Жігітке жеті өнер де аз

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қазіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты болуы тиіс. Анастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендердің жақсыларың – дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын тең ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді», – деген.

 

Ерте жанұя құру

Ерте үйленудің мұсылман қоғамы мен үмбет үшін пайдасы мол: Ұрпақ жалғастығы, қоғамдық ахлақ, аурудың алдын алу, рухани және психологиялық тұрақтылық, жауапкершіліктің артуы, ата-аналық сезімнің қалыптасуы.

«Болар адам он бесінде бас болар, болмас адам отыз бесінде жас болар» дегендей, ерте отбасы құрып, бойдақтық өмірдің қиыншылықтарынан ерте арылу – дұрыс қадам.

 

Жақсы жолдастар таңдай білу

Алла Тағала Құранда:

«يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ»

Мағынасы: «Уа, мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят).

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Адам досының дінінде болады, сондықтан кіммен дос болғанына абай болсын», – деген. Жастар жақсы жолдас таңдауға мән беруі керек.

 

Денсаулыққа мән беру, спортпен шұғылдану

Ислам қуатты қоғам қалыптастыру үшін денсаулық пен спортты ерекше бағалайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қуатты мүмін әлсіз мүміннен Аллаға жақынырақ әрі сүйіктірек», – деген. Денсаулықты сақтау үшін спортпен айналысу маңызды.

 

Білім игеру

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз», – деген. Ислам діни және зайырлы білімді бірдей талап етеді. Адамды абыройлы ететін оның байлығы емес, артында қалдырған пайдалы ілімі. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Адам баласы дүниеден өткенде, үш амалдан басқасы тоқтайды: жәрия берген садақасы, артында қалдырған пайдалы ілімі және оған дұға ететін салихалы ұрпағы», – деген.

Абай атамыз айтқандай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Жастық шақта білім іздеп, кеш қалмайық. Алла елімізде иманды, білімді жастардың қатарын көбейтсін!


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz