Қазіргі таңда қоғамда жастардың алдында тұрған мәселелер әртүрлі. Бұл мәселелер тек қана әлеуметтік жағдаймен байланысты емес, сонымен қатар моральдық, мәдени, білім беру және басқа да салаларда кездеседі. Әсіресе, жастардың көпшілігі өз өмірлерін дұрыс бағытта құру үшін көптеген қиындықтарға тап болып жатыр. Сондықтан да қоғамдағы жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру маңызды.
Ең басты мәселелердің бірі – жастардың рухани және діни сауаттылығы. Бүгінде жастар арасында дін мен дәстүрге деген қызығушылық артып келеді. Алайда, бұл бағытта дұрыс білім алудың және дұрыс бағыт ұстанудың маңызы зор. Жастарды дұрыс имандылыққа тәрбиелеу, олардың діни сенімдері мен дәстүрлерін сақтай отырып, қоғамға пайдасын тигізетін тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау керек.
Кез келген қоғам үшін жастардың білім деңгейі мен кәсіби қабілеттілігі өте маңызды. Өкінішке орай, жастар арасында мамандық таңдауда көбіне қателіктер кездеседі. Жастар көбінесе, өз қызығушылықтары мен қабілеттеріне сай мамандық таңдаудың орнына, сыртқы қысымдар немесе заман талабына сәйкес таңдау жасап жатады. Бұл мәселе олардың болашақта жұмыспен қамтамасыз етілуі мен кәсіби деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан аға буынның жастарға мамандық таңдауда кеңес беруі және олардың дұрыс шешім қабылдауына көмектесу өте маңызды.
Жастар арасында жұмыссыздық мәселесі де өзекті болып қала береді. Әсіресе, жоғары білім алған жастардың көпшілігі өз мамандықтары бойынша жұмыс табуда қиындықтарға кездеседі. Бұл жағдай олардың психологиялық жағдайына да әсер етеді. Қоғамда жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін бағдарламалар мен ұйымдар көбейіп келе жатса да, бұл мәселе әлі де шешімін табуды талап етеді.
Қазіргі кезде әлеуметтік желілер жастардың негізгі күнделікті ісіне айналып отыр. Бұл бір жағынан, жастардың әлеммен байланыс орнатуына, ақпарат алмасуына, жаңа дағдылар мен білімдер алуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан, олардың психологиялық денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Жастардың уақытын тиімді пайдалануы және түрлі ақпарат толған әлеуметтік желілерден қол үзіп, өмірдегі маңызды мәселелерге көңіл бөлуі қажет.
Жастар арасында денсаулық сақтау мәселесі де өзекті болып отыр. Жаман әдеттер, темекі шегу, алкоголизм, нашақорлық сияқты теріс әрекеттер олардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізіп те жатыр. Осы мәселелерді шешу үшін жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттермен күреске бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс.
Қоғамдағы жастар арасында өзекті мәселелер көп. Алайда бұл мәселелердің де тиісті шешімі бар. Жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, рухани сауаттылығын арттыруға, денсаулығын сақтауға көмектесу – біздің ортақ міндетіміз. Жастардың өз болашақтарына сенімді түрде қадам басуына барлық қоғам мүшелері жауапты болуы тиіс. Мұндай түйінді түйткілдерді шешуде жастарға қажетті ақпарат, білім және қолдау көрсету аса маңызды. Тек қана сол жағдайда ғана біз болашақта жастардың алға қойған мақсаттарына жетуіне жол ашамыз.
Омарбеков Келдібек Қуатбекұлы
Қарағанды облыстық «Әнет Баба» мешіті жанындағы «Олжас Есенұлы» атындағы діни сауат ашу қайырымдылық мекемесінің ұстазы