Адам өмірінде адал астың орны ерекше. Оған ықтиятты болу ол аса маңызды іс. Құранда адал мен арам мәселесі жайында не айтылған?! Алла тағала бұл жайында былай дейді: يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُواْ مِمَّا فِي الأَرْضِ حَلالاً طَيِّبًا «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» («Бақара» сүресі,168 аят). فَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللّهُ حَلالاً طَيِّبًا وَاشْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ «Алланың сендерге берген ризығының адал, тазасынан жеңдер. Сондай-ақ егер Оған ғана құлшылық қылатын болсаңдар, Алланың нығметіне шүкіршілік етіңдер».
(«Нахыл» сүресі, 114-аят) يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُحَرِّمُواْ طَيِّبَاتِ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللَّهَ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِين.وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالاً طَيِّبًا وَاتَّقُواْ اللَّهَ الَّذِيَ أَنتُم بِهِ مُؤْمِنُونَ «Әй, мүміндер! Алланың сендерге адал еткен жақсы нәрселерді арам етіп, шектен аспаңдар. Шынында Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Сондай-ақ Алланың сендерге берген адал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар». («Мәйда» сүресі, 87,88-аяттар) Алла тағала былай бұйырады: يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі іс істеңдер», - деп бұйырған. («Мүминун» сүресі, 51-аят). Мәфәтиху әл-ғайб кітабында Фаһруддин ар-Рази: «Бұл аят пайғамбарларға қарата айтылғанымен, мүміндерге де тікелей қатысты болып саналады. Аяттың құрылымына мұқият мән берер болсақ, мынадай мағына шығады. Игі іс істеу үшін алдымен жеген асыңның адалдығына мән беруің керек. Себебі аятта «игі іс жасаңдар»,- деген бұйрықтың алдында «адал, таза ризықты жеңдер»,-деген нұсқауы бар. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Дұғаларың қабыл болсын десеңдер, адал әрі таза аспен қоректеніңдер», - деді.
Отбасын адал ризықпен асырау маңызды іс. Алла елшісі (с.ғ.с.): مَنْ سَعَى عَلَى عِيَالِهِ مِنْ حِلِّهِ فَهُوَ كَالْمُجَاهِدِ فِي سَبِيلِ اللهِ «Кім өз отбасына адалдан жеткізуге тырысып бақса, ол – Алла жолында күресуші тәрізді», - деді. Суфиян Саури: «Аллаға бойұсыну ісіне арамнан бір нәрсе жұмсалуы – лас киімін несеппен (зәрмен) тазартқан кісі іспетті. Ал, нәжіс киімді су ғана тазарта алатыны сияқты күнәні тек қана адал нәрсе жуып шаяды», - деп айтқан.
Алла елшісі (с.ғ.с.) астың адал болуын мұсылмандарға былай жеткізеді: وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ طَلَبُ الحَلَالِ «Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті». Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): اَلْعِبَادَةُ عَشَرَةُ أَجْزَاءٍ : تِسْعَةٌ مِنْهَا فِي طَلَبِ الْحَلالِ ، وَجُزْءٌ فِي صِيَامِ النَّهَارِ ، وَقِيَامِ اللَّيْلِ «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы – адал рызық-несібе табудан тұрса, бір бөлігі – күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқу», - деп арам-адалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) даналыққа тұнған хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек ақ адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазаруы мүмкін», - деген еді. Енді бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады», - деп адал еңбекқорларды сүйіншілейді. Адал жолмен келген дүние адамға қалай пайда әкелсе, арамның да сондай зияны бар.
Әбу Һұрайра (р.ғ.) жеткізген мына хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لا يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ أَمِنَ الْحلالِ أَمْ مِنْ الْحَرَامِ" «Адамдар өздерінің тапқан табысының адал не арам екеніне көңіл бөлмейтін заман келеді». Қазіргі таңда айналаға көз тігер болсаңыз, кейбір адамдардың қандай жолмен болса да, адал-арамына қарамай, дүние жинау жолына түскенін байқайсыз. Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) айтады: «Ішінде арам болған кісінің Алла намазын қабыл етпейді». Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ):«Шын мәнінде дүниедегі оның адалы – есеп, ал арамы – азап болып тиеді», - деу арқылы адал іс пен адал нәрсенің екі дүниеде де есеп-қисапсыз жақсылық болып, ал арамның екі дүниеде азап болып оралатынын ескертті. Адам ішіп-жейтін асының діни тұрғыдан адал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ибраһим Әдһам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ», - деп айтқан екен. Ісіміз оң болсын десек, асымыздың адалдығына ден қоялық.
Ерлан Серікұлы
Нұра аудандық мешітінің имамы