Center Image
IHSAN.KZ
Арақ – ардың ажалы
 Арақ – ардың ажалы

Қарағанды облыстық орталық  «Әнет баба» мешітінің «ақылдастар алқасының» бір топ ақсақалы қаладағы дүкендерді аралап, арақ-шарап сатудың және оның қоғамға зияны туралы сатушылар мен сатып алушылар арасында үгіт-насихат жүргізді. Бұл іс-шараны ақсақалдар келе жатқан қасиетті Рамазан айының қарсаңында ұйымдастырды.

 

«Маскүнем – арақтың құлы» деген сөзге сай, бүгінде елімізде осы арам суға құл болғандардың саны өкінішке орай аз емес. Әрине, бұл мәселе кеше-бүгін туындаған жоқ. Арақ-шараптың зияны туралы сараптасақ, «Әнет баба» мешітінің шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Жүсіп Шұғайұлы былай деді:

 

– Пайғамбарымыз (с.ә.у.) «Арақ – барлық жаманшылықтың кілті» деген. Расында, бір шөлмек арақ адамға көптеген зиян әкеледі. «Шарабы бір теңге, шатағы мың теңге» дегендей, денсаулыққа зиян келтіруімен қатар, ішімдікке салынған кісі отбасын асыраудың орнына маскүнемдікке салынып, үйінің берекесін кетіреді. Жағдай одан ары ушықса, жұбайымен ажырасып, балаларын әке қамқорлығынан айырады. Сонымен бірге қылмыстың көпшілігі, яғни ұрлық, кісі өлтіру, басқадай зорлық-зомбылықтың басты себептерінің бірі – арақ ішу. Шүбәсіз, арақ-шарап өзінен-өзі аспаннан түсе қалмайды. Оларды жасайтын, сататын, таситын – адам. Осы қағидаға сай Пайғамбарымыз (с.ә.у.): «Алла Тағала арақты, оны ішкен, құйған адамдарды, сатушыны, сатып алушыны, оны жасайтынды, жасататынды, тасушыны және өзі үшін тасытқан жандарды лағынеттеді»,- деп айтады. Сонымен сөзімізді тұжырымдасақ, арақ сату – күнәға себепкер болу. Адам арақ ішсе өзіне, ал  оны сататын кісі өзі ғана емес, көптеген адамдардың күнәға батуына және келеңсіздікке ұрынуына себепкер болады.

 

Расында, арақ-шарап өзінен өзі аспаннан түсе қалмайды. Біреу жасаушы, біреу сатушы, ал қор болатын – сатып алған адам және оның отбасы. Дүкендерге барсақ, арақ-шарап аспандағы жұлдыздар сияқты жарқырап, «маған қара, мені ал» дегендей көздің жауын алады. Осыған ой жүгіртсек, арақ – шайтанның ең күшті қаруларының бірі екеніне кәміл сенесің. Бұл лағнет атқанның қаруына қалай төтеп беруге болады, қандай шаралар қолдануға болады? Араққа салынған бауырларымыз бен соның кесірінен қиындықта қалған отбасыларды көргенде, бүкіл ел болып, мемлекеттік деңгейде ойластырып, шешетін мәселе екеніне көз жеткіземіз.

 

Осы сұрақтарды дүкендерге барып, үгіт-насихат жүргізген ақсақалдарға қойғанда, олар былай деді:

– Сөзсіз, маскүнемдікпен күресу және арақ-шарапты сатпауға шек қою оңай іс емес. Бұл мәселе көптеген әлеуметтік, экономикалық, адамдардың сана-сезімі мен рухани даму деңгейіне тіреліп тұр. Мысалы, сатушылармен әңгімелескенімізде, біреулері біздің талабымызға түсінікпен қарап қолдаса, басқалары: «Ораза айында арақ сатпа дейсіңдер, сонда балаларымызды қалай асыраймыз? Арақ сатпасақ, кіріс қайдан келеді?»- деді. Сол арада біз оларға: «Харамнан тапқаннан балаларыңа жегізсеңдер – оның не қайыры бар?» дегенімізде, сатушылардың кейбіреулері үндемей қалса, басқалары: «Арақ-шарап сату – заңды бизнес. Үкімет заңын бұзып тұрған жоқпыз. Табысымыз адал» десті. Сонымен сол күні дүкендерді аралап, түрлі көзқарастарға куә болдық.

 

Әрине, бүгінгі күні «заманына қарай адамы» дегендей, сатушылар мен тұтынушылардың көзқарасына, нанымына билік жүргізу құқығын иемдене алмаспыз. Ішетіндердің көбі кешегі заманды көзі көрген, ескінің жолын аңсайтындар. Бірақ бұл арада қуантатын жағдай – қазіргі жастарымыз ішімдікке көп әуес емес. Тіпті, байқап отырсақ, мешіттерімізге жасы үлкендерден гөрі жастарымыз көп келеді. Намаз оқиды. «Намаз – жамандықтан тияды»,- деген хадиске орай, қыз-жігіттеріміз тура жол таңдап, намаз оқып, салауатты өмір сүрсе, шайтанның айла-амалдарына қарсы ең мықты және ең сенімді қарумен қаруланады, – деді жанашыр ақсақалдарымыз.

 

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, түйінге келсек, Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы Әбдіғали ақсақалдардың бастамасын қолдап, былай қорытындылады:

– Жаратқан Иеміз «Мәида» сүресінің 90-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, қойылған тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар – лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар», – дейді. Осыған сай, арақ сатудың және оны ішу тек бұл дүниеде ғана емес, ақыретте де үлкен зиянға ұшыратады. Ислам әрбір мұсылманды адал ризық тауып, харамнан аулақ болуға шақырады. Осыған орай, ішімдікті сатудан және оны ішуден бас тарту – қоғамды жамандықтан қорғаудың бір жолы, әсіресе жас ұрпағымызды. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, жақсы не жаман тәрбиені жас ұрпақ отбасынан алады. Осыны ескере отырып, жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін таяуда Астанада өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Хазіреттің айтуынша, осы жыл аясында, Алла қаласа, бірнеше іс-шаралар жүзеге асатын болады.

 

Сәтек Омаров

ҚР Журналистер одағының мүшесі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz