Алла Тағала әлемді жоқтан бар етіп жаратты, соның ішінде адамды жаратты. Адамның бақытты ғұмыр кешуі үшін пайғамбарлар жіберді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер, көбейіңдер, Қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын», – деген. Қазақ халқында «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» немесе «Басың екеу болмай, малың төртеу болмайды» деген қанатты сөздер бар. Отбасын құрғанда өмірге береке кіреді. Өмірге береке кірсе, бақыт сол емес пе?
Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Өздеріңе ұнаған әйелдерге үйленіңдер», – деп бұйырған. «Рум» сүресінің 21-аятында: «Сендерге тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік салғаны – Оның белгілерінен. Күдіксіз, мұнда ойлана білетін қауым үшін белгілер бар», – делінген.
Алланың бұйрығын орындап, амалға асырсақ, «Балалы үй – базар» деп қазақ халқы шаттық пен бақыттың көрінісін жеткізген.
Айта кетерлік жайт, адам баласы бұл дүниеде мәңгі емес. Уақыты жеткенде, ахиретке жол тартады. Қайтқан адаммен бірге екі нәрсе жолдас болады: біріншісі – Аллаға деген иманы, екіншісі – некесі. Себебі Алла Тағала Адам Атаны жаратты. Жәннатта жалғыздықтан қапаланып, зерігіп жүргенде, Алла Тағала оның қабырғасынан Хауа Ананы жаратты. Жер бетінде Адам Ата мен Хауа Анадан тараған ұрпақтар үйленіп, үй болды. Содан бері үйлену, үй болу сүннетке айналды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйлену – менің және барша пайғамбарлардың сүннеті», – деген. Тағы бір хадисінде: «Некелесу – Ислам дінінің жартысы», – деп жеткізеді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленуге шамасы келген адам үйленсін, ал шамасы келмегендер ораза тұтсын, өйткені ораза оларға қалқан болады», – деген.
Құрметті оқырман, үйленіп, үй болып, шаттыққа бөленіңіздер. Құранға амал етсеңіздер, пайғамбарлардың сүннетін тірілтіп, сауапқа кенелесіздер. Алла Тағала баршамызды бақыт пен шаттықтан айырмасын! Әмин!