Хижра – мұсылманша жыл санау. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) сахабаларымен бірге Меккеден Медине қаласына қоныс аударған кезеңінен басталады. Бұл қоныс аудару оқиғасы VII ғасырда болған. Мұсылмандардың Меккеден қоныс аударуында ұлы мақсат жатыр еді. Ол мақсат Жаратушының бұйрықтарына бойұсынған, халқының сенімі кәміл жаңа мемлекет құру болатын.
Алла елшісі алғаш Пайғамбарлық түскенде халықты бір Аллаға сенім келтіруге шақырды. Соңынан сахабалар ілесті. Халықтың басым бөлігі бірден сенім келтіре қоймады. Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабаларына зәбір көрсетіп, қысым жасады. Бірқатар сахабалар Мұхаммед Пайғамбардың айтуымен Исламды тарату үшін Эфиопияға қоныс аударды. Олардың саны сексенге жуық еді. Араларында – ‘Усман ибн ‘Аффан және Джа‘афар ибн Әбу Тәлиб бар еді. Осының нәтижесінде Эфиопияның билеушісі Асхама Ан-Наджаший Исламды қабылдап, тақуа мұсылмандардың қатарына қосылды.
Бірде Қағба жанында пұтқа табынушылар жиналғанда Алла елшісі оларды Исламға шақырады. Оның бұл сөзіне осы жерде отырған Ясриб елдімекенінің (болашақ Медине қаласы) Әл-Аус және Әл-Хазрадж тайпасының адамдары құлақ асып, Алланың қалауымен Исламды қабылдайды. Келесі жылы Ясриб елдімекенінің адамдары мұсылмандар қатарын едәуір толықтырады. Олар Меккеден қайтқанда Мұхаммед Пайғамбар Ибн Умм Мактум мен Мус‘аб ибн ‘Умайраны Ясриб тұрғындарына Құран оқуды үйрету үшін олармен бірге жібереді. Ясрибте Мұхаммед Пайғамбарды қолдаушылар қатары артқанда Алла Тағала Пайғамбарымыз бен оның сахабаларына сонда көшуді бұйырады. Бұл оқиға Алла елшісіне Пайғамбарлық түскеннен соң 13 жылдан кейін болған еді.
Мұсылмандар Меккеден топ-топ болып кете бастайды. Пұтқа табынушылар Ясрибте мұсылмандардың көбейіп, күш жинап өздеріне қауіп төндіруінен қорқып, Алла елшісін өлтірмекке бел буады. Әр тайпадан жүрегінің түгі бар бозбалаларды жинап, қолдарына қылыш ұстатып, Алла елшісінің үйіне жібереді. Алла Тағаланың қалауымен Жәбірейіл періште бұл хабарды Пайғамбарға жеткізіп, шабуыл жасалмақ түні Ясрибке қоныс аударуы қажеттігін айтады. Медине мұсылмандары Алла елшісі мен оның сахабаларын өте жақсы қарсы алып, қоныстануға көмектеседі. Мұхаммед Пайғамбар қоныс аударғандар мен Медине тұрғындарының арасындағы бауырластықты нығайтып, оларды ансарлар (қолдаушылар) деп атайды. Яғни, олар Алла Тағала жіберген дінді қабылдап, сенім келтіргендер, қолдағандар еді.
Хижраның нәтижесінде мединелік тайпалар Әл-Аус пен Әл-Хазрадж арасындағы жауластық тоқтап, қала мұсылмандары біртұтас халыққа айналады. Алла елшісі мен сахабалар Меккедегі пұтқа табынушылардан құтылып, бұқараны Исламға шақыруға жаңа мүмкіндік алады. Әрине, хақ Алланың қалауымен. Құранда: «Алла Өзінің елшілері мен оның серіктеріне осы дүниеде жауларын жеңуге көмектеседі және о дүниеде Елшілер мен олардың серіктері мәңгілік жақсылықта болады»-делінген.
Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз міндетін кемшіліксіз орындайды. Алла елшісінің ағасы Әбу Тәлибке: «О, аға Алланың атымен ант етемін! Егер сен менің Исламнан бас тартуым үшін оң қолыма Күнді, сол қолыма Айды ұстатсаңда, мен мұны істемес едім. Мен Алланың қалауымен өз міндетімді орындамайынша бұл жолдан бас тартпаймын»-дегені бар.
Әмина Омарова
Қарағанды облыстық орталық мешіті