Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының игі бастамасымен асыл дініміздің биік көрінісі болған Ихсан ілімі кеңінен насихатталып келеді. Ихсан ілімі - ауқымы кең, мағынасы тереңде. Бір тақырыппен ғана шектелмейтін ілімнің бізге тиер үлесі ұшан теңіз. Ихсан іліміндегі мейірімділік ұғымын мүмкіндігінше тарқатып жазуды жөн көрдік.
Қаңтар айының басындағы елімізде орын алған өрескел оқиғалар мен бейбіт шерудің аяғын терроршылардың мемлекетімізге қарсы қарулы әрекетке ұластырып жібергендері халқымызды ғана емес, әлем жұртын да қатты алаңдатты. Мемлекет басшысы өз тұжырымын айтып өтті. Қараша халық бұл мейірімсіздердің жасаған әрекеті деп топшалады. Әсем қалаларды қирату, артын қанды оқиғамен аяқтау орны толмас өкінішке алып келді. Шүкір, қазір жағдай тұрақталып келеді. Тұтастығымыз бен тұрақтылығымызға сына қағып, Конституциялық құрылысымызды құлатпақ болғандар әлі толық бағасы мен жазасын алып болған жоқ.
Бірақ Президент Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде айтылған ойлар көпшіліктің көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап беріп, алаң көңілдерін орнына түсіріп, бәріміздің ертеңгі күнге деген үмітіміз бен сенімімізді оятты.
Енді Қазақстанымыз дамудың жаңа жолына түсетіні белгілі болды. Мемлекет басшының құрамы жаңарған Үкіметімізге берген нақты тапсырмалары, қоғамдық өмірдің көптеген салаларын реформалау туралы ұсыныстары оған дәлел бола алады. Ол міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығына сызат түспеуі тиіс.
Адамдар арасында «Алтын ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Өркениет күн санап дамуда»-деген пікірлер айтылып жатады. Иә, расында түрлі техника сәт сайын дамып, адамдардың өмір сүруі де әлдеқайда жеңілдеген. Осыдан 30 жыл бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыруға келмейтін сыңайлы. Біз салыстырып отырған дүние ол - материалдық заттар ғана. Ал адамзат бойындағы мейірім-махаббат, қамқорлық, қорғау сынды қасиеттеріміз өркениеттің дамығанындай күн санап еселеніп жатыр ма?!
Мейірімділік көрсету - ол өз жақыныңнан бастау алса керекті. Қарапайым ғана мысал, өз ата-анамызға, жақын жандарымызға қаншалықты көңіл бөлініп, қаншалықты оларды мейірім-махаббатқа бөлеп жүр екенбіз? Ойландырады. Жоғарыда айтып өттік, бүлікшілердің әрекетінен асқан мейірімсіздікті көріп отырмыз. Ал айналамызда ата-анасының мейірімін сезінбеген немесе баласының қарт ата-анасына мейірімсіздік танытқан жағдайлар кезігіп жатады. Белең алып жатқаны да өкінішті. Бұл олқылықтың орнын Аллаға мінәжат етіп, тәубеге келумен толтырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұл турасында “Алла мынадай үш ерекшелікке ие болған адамға қамқорлығын арттырады және оны жәннатқа кіргізеді: Әлсіздерге мейіріммен қарау, әке-шешеге мейірімділік таныту, және қол астындағыларға жақсы қатынасу”-деп келетін хадистен мейірім-ілтипатының қаншалықты дәрежеде екенін білдік. Және бір хадисінде: “Алланың атымен ант етейін, Алла Тағала құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе үлкен”-дегенін оқып, пенделерге шексіз мүмкіндіктер молынан беріліпті дерсің.
Құрметті www.ihsan.kz сайтының оқырмандары! Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, мейірім амалын жасап жүруді ұмыт қалдырмайық.
Шахтинск қалалық
"Нұр" мешітінің имамы
Әсет Наурызбайұлы Ибраев