Center Image
IHSAN.KZ
Пасықтық
Пасықтық

Пасық сөзінің жалпы мағынасы «күнәхар» дегенді білдіреді, ал жекелей алғанда «пасық» сөзі келесі сипаттағы адамдарға қолданыла береді: ақиқатты мойындамаушы, екі жүзді, харам істі жасаушы, кіші күнәларға мән бермейтін, ысырап қылушы, өсекші, өтірікші, залым, кәпір, байлығы мен мансабына мастанған адам.

Ақиқатты мойындамаушы адамды Алланың өзі пасық деп атаған. Қасиетті Құран Кәрімде: «(Мұхаммед Ғ.С.) расында саған ап-ашық аяттарды түсірдік. Оған пасықтар ғана қарсы келеді(өтірікке шығарады)» - делінген (Бақара сүресі 99-шы аят). Яғни анық дәлелденген, айқын ақиқатқа қарсы келу, оған сенбеу ол тәкәппарлық, пасықтық болып табылады.

Алла тағала екі жүзді адамдарды да пасық деп сипаттаған.

«Расында екі жүзділер – пасықтың дәл өзі» (Тәубе сүресі 67-нші аят)

Алланы және өздерін ұмытқандар да пасықтар екендігін мына аяттардан білеміз: « Сондай Алланы ұмытқан, солайша Алла оларға өздерін ұмыттырған адамдар секілді болмаңыздар, міне солар пасықтар».

Бірақ біз пасық сөзін халқымыздың мына екі мақалындағы сипаттарға негіздеп, ашықтайтын боламыз.

Жасық кісі жасқа тоймас,
Пасық кісі ұйқы мен асқа тоймас.

Жасық кісі көңілі бос, жұмсақ, ренжігіш адам болғандықтан көзі жасқа тоып жүреді. Пасық адам күні істер жасап жүрмін ғой, намысына тидім ғой, арын таптадым ғой, өз міндеттерімді атқармай жүрмін ғой деп қам жемейтін, уайымсыз адам болғандықтан ұйқысынан оятар, асын тоқтатар ешбір һәм жоқтықтан ұйқы мен асқа тоймайтын адам ретінде халқымыздың мақалында сипатталған.

Пасық адам белгісі:
Өзі бола алмайды,
Болғанды көре алмайды.

Мына мақалда пасық адамды алдына жақсы мақсат қоя алмайтын, мақсат қойса да оған жете алмайтын епсіз, жігерсіз адам ретінде және өзі кісі бола алмағанымен жөні жоқ, кісі болғанды көре алмай, қызғаншақтың қылықтарын жасап, өзгеге зиян тигізуші адам ретінде сипатталуда.

Пасық адам неге кісі бола алмайды? Себебі оның пасық болуына себеп болған қасиеттері оны жігерлі, қайратты болуына кедергі жасайды.

Пасықтықты үш категорияға бөлуге болады:

1. Күнәні жиіркенішті деп санап, оны сирек жасау.

2. Бір күнәні қайтпай жасай беру.

3. Рұқсат етілген деп санап күнә жасау. Бұл жағдайда адамның иманмен, дінмен еш байланысы қалмайды.

Пасықтық өте қауіпті жағдай болып табылады және әрбір адам одан аулақ болуы керек. Кез-келген үлкен, кіші күнәлардан аулақ міндет. Кіші күнәларды қайтпай жасауда пасықтық болып есептеледі. Жоғарыда айтылып өткендей, кіші күнәларды қайтпай жасау фисқ дәрежесінің бірі болып табылады.

Ескеру керек жайт! Ешкім де басқа бір адамды пасық деп айыпауы өте қауіпті іс. Осы жөнінде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан:«Басқа бір адамды пасық немесе кәпір деп айтуға ешкімнің де құқы жоқ. Егер кімде-кім біреуді пасық не кәпір деп айтса, ал сол кісі ондай болып табылмаса, онда айтылған сөздер айтқан адамның өзіне қайтып келеді де өзі пасық немесе кәпір болады» (Мухтасар Таджридус-Сарих, XII, 137).

Адамның кемшілігін ашу, оған пасық немесе кәпір деп айыптау өнегесіздік болып табылады, егер бұл қасиеттер айыпталған адамға тән болмаса, онда сол сөздер айтқан адамның өзіне қайтып оралады. 

Алла тағала бізді пасық болудан сақтасын, өзінің тура жолынан адастырмасын!

 

Әнуарбеков Мейіржан Мақатұлы,

Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы»

мешітінің найб имамы

 

 

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz