«Қияметте әркім өмірі мен жастық шағын қайда өткізгенінен, мал-мүлкін қайдан тауып, қайда жұмсағанынан және ілімімен амал жасаған-жасамағанынан сұраққа тартылады.» (Тирмизи)
Интернет - өркениетті елдердің алтын құралы. Бүгінгі күнді интернетсіз елестетудің өзі қиын. Мүмкін еместей көрінеді. Дерлік адам атаулысы интернетке тәуелді. Хат алмасу жағы тіпті оңай. Ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің: "Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды."-деген өлең жолдарынан осы күннің интернетін қалай дөп басып айтқан дерсің!? Оның жұмыс жүргізудегі жылдамдығына көз ілеспейді. Әлеуметтік желі арқылы қажеттісін қолына алып, талайлар шалғайдан жұмыс істеп отыр. Қарқыны күшті интернеттің екінші жағында айтпай кетуге болмас. Кері әсерін де беріп жатыр. Қаншама адамның алтын уақытын интернетке жұмсалуда. Олай дейтінімізге себеп те бар. Бүгінде еңбектеген бала телефон ақтарып, еңкейген қарттарымыз ғаламторды шарлайтынына көз үйреніп-ақ кетті. Таң қалмаймыз. Интернет тұтынушылары күніне орта есеппен 20 рет “WhatsApp желісіне”, 20 рет “instagram” желісіне, 20 рет “facebook” желісіне, 20 рет “В контакте” желілерге кіріп-шығады екен. Қызығына еніп кететіні соншалық интернетте бес минутқа кіремін деп бірнеше сағаттардың қалай лезде өтетінін байқамайды. Ал оқушы, жас өскелең сенсорлық телефонындағы ойындарға бірнеше сағаттарын арнайды. Осы үшін де күнделікті жаңа тақырыптарды игеру қиынға түспей ме деген ой келеді.
Студент. Болашақ – маман. Оның басты мақсаты - болашақта қызмет көрсететін орында білікті маман болу үшін таңдап алған мамандығын тереңінен игеру. Аудиторияда, жол бойында, үйде қала берді түнде интернетке кіруін доғармайтын студенттен білікті маман шығуына кедергі.
Орта буын. 24 сағаттың басым бөлігі пайдасы аз сайттар мен әлеуметтік желілерге уақыт арнауы - өзіне жасаған қиянат болып есептеледі. Бұл орайда “Отызыңда орда бұзып, қырықыңда қамал ал”-деген аталы сөзге кереғар іс.
Ал жөнді-жөнсіз, заңсыз пікірлер қалдырып, көрінген парақшаларды ақтарып оқып отыратын пенделердің халі өз алдына бөлек тақырып.
Құрметті оқырман, қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда әлеуметтік желінің “құрбаны” болмауға шақырамыз. Интернетті пайдалану барысында адал іс, келелі де келісімді жұмыс жүргізуге барынша насихаттаймыз. Өскелең ұрағымызға да интернетті ұтымды пайдалануға кеңес беріп жақсы, жаманның ара-жігін айыра алатындай өсиет беруге нәсіп етсін.
РЫСБАЙ Асыл Көкшеұлы
Ақтоғай аудандық мешітінің имамы