Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Отбасын асырау – еркек адамның басты міндеті
04 наурыз, 2021 жыл 715 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Ислам дінінде отбасы мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Дінімізде әрбір адамның неке қиып, отбасылы болғаны құпталады. Отбасы – бұл адам өмірінің маңызды бөлігі,жанұялық өмір барысында мұсылман ер немесе әйел көптеген қиыншылықтар тап болуы мүмкін, сонымен қатар отбасын тіршілікке қажетті барлық нәрселермен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап, жұбайына, бала-шағасына, мүлкіне қатысты үлкен жауапкершілік пайда болады.

 

Отбасыңды асырау – Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан, бұл үшін берілетін сауаптың көлемі де үлкен болмақ. Себебі, адамның өз отбасын қамтамасыз етуі істеген жұмысы – бұл Аллаға деген құлшылықтың бір түрі. Алайда, отағасының тапқан табысы адал жолмен келуі керектігін қатаң түрде ескерген жөн.

 

Бұл туралы Құранда:

 

«... Ананың тиісті қорегі мен киімі, баланың әкесіне міндет. ...» («Бақара» сүресі, 233-ші аят),

 

«Ажырасқан әйелдеріңді мүмкіндіктеріңе қарай өздерің тұратын жайға тұрғызыңдар және оларға қысым көрсетіп, зарар келтірмеңдер. Ал егер жүкті әйелдер болса, оларға босанғанша нәпақа беріңдер. Байлық иесі өзінің байлығынан жұмсасын. Ал кімнің несібесі шектеулі болса, Алланың өзіне бергенінен жұмсасын. Алла ешбір жанға Өзі бергенінен артық нәрсені жүктемейді. Әрі Алла қиындықтан соң жеңілдік жасайды» («Тәлақ» сүресі, 6-7-ші аяттар)деп айтылады.

 

Әбдірахман Сәубан ибн Буждудтен (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Адамның жұмсаған ақшасының ең қайырлысы – өзінің отбасы үшін жұмсаған динары және Алла жолында мінетін көлігіне жұмсаған динары мен Алла жолындағы жолдастары үшін жұмсаған динары», – деп, отбасын асыраудың қайырлы һәм сауапты іс екендігін меңзеген.

 

         Бірде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары үйінен ерте нәпақа іздеп шыққан төзімді әрі қайратты жас жігітті көріп: «Мына жігіт өзінің жастық шағы мен күш-жігерін Алла жолында жұмсаса еді», деп айтады. Сол кезде, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Егер ол үйінен өзінің балиғатқа жетпеген бала-шағасын асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер ол шаңырағындағы қартайған әке-шешесін асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өзіне ризық іздеп шықса, ол Алла жолында. ...», деп жауап берген екен.

 

Жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистерден көретініміз, жанұяны керек-жарағымен қамтамасыз ету – ең игі істердің қатарына жатады, және осылай істеген мұсылман адам, садақа берген адаммен бірдей сауапқа кенеледі. Керісінше, жұбайын, бала-шағасын асыраудан бас тарту – қисынсыз және шариғи тұрғыдан рұқсат етілмеген әрекеттер қатарына жатады.

 

Ер адамның өзінің мұсылман, мұсылман емес, кедей немесе бай жұбайына нәпақа беруі уәжіп. Міндетті нәпақа – ол ас-су, киім-кешек және баспана [1].

 

1) Ас-су, азық-түлік және ішімдіктердің мөлшері мен сапасы күйеуінің әл-ауқатына қарай белгіленеді.

 

2) Киім-кешек бір мезгіл киетін бастан-аяқ болуы керек. Ханафи мен шафиғи мазхаптарында жұбайына 6 айда, балаларына 4 айда бір жаңа киім алып беріледі, делінген.

 

3) Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржы жағдайына байланысты. Сонымен қатар үй керекті жиһаздармен толық жабдықталған болуы тиіс. Онда өмір сүруге қажетті заттың бәрі болуы шарт.

 

Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деп айтады:«Жұбайларыңа жегендеріңнен жегізіңдер, кигендеріңнен кигізіңдер, оларға зәбір көрсетуші болмаңдар және олардың көңіліне келетін жаман сөздер айтпаңдар».

 

Бұл хадистен көретініміз, ең бірінші мәселе – тамақ мәселесі. Күйеуі өзі жеген нәрсені, әйеліне де жегізуі керек: мысалы, ол дәмхана барып тамақтанса, ал жұбайы үйде отырып ауқаттанса – бұл дұрыс емес. Сондай-ақ, күйеуі әйелінің қажеттіліктерін (киім-кешегі, гигеналық заттар және т.б. ) өтейтіндей қаражатпен қамтамасыз етуге тырысуы керек.

 

Қорыта келе айтарымыз, ризық-несібе – Алладан. Дегенмен, Аллаға тәуекел етіп, ер азамат өзінің отбасын тиісті нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті болып табылады.

 

Алла баршамызға отбасымызды адал ризықпен қамтамасыз етіп, қажетті деңгейде асырауға нәсіп етсін! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

 

Пайдаланылған дереккөздер:

 

  1. «Әл-фәтауа ат-татархания фи әл-фиқһ әл-ханафи», 3/242.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары