Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құраным менің иманым
08 маусым, 2023 жыл 302 Басып шығару нұсқасы

Әлемді алты күнде жаратқан Ұлы Раббымыз, адамзат шындық пен әділеттен ұзақ қалған бір дәуірде, екі дүние сұлтаны, ардақты Пайғамбарымыз (С.Ғ.С)-ға, тура жолды нұсқаушы, өзінің кәләмі, қасиетті Құран Кәрімді түсірді. Пайғамбарымыз (С.Ғ.С), басқа пайғамбарлармен салыстырғанда Аллаһ Тағаланың жанында қаншалықты мәртебесі жоғары болса, қасиетті Құран Кәрім де басқа Алла тарапынан түскен  кітаптармен салыстырғанда соншалықты құрметті, әрі жоғары. Қасиетті Құранда өзі тұралы былай баяндалады:

  • Ол сондай бір кітап, өзінде ешқандай күмән жоқ, тақуалар үшін жол көрсетушінің нағыз өзі (Бақара, 2);
  • Ол, шындық пен жалғанды айыратын сөз (Тарық, 13);
  • Өзіне жақсылап жабысуымызды қажет ететін Алланың жібі (Али Имран, 103)
  • Мүминдерге шипа және рахмет ретінде түсірілген кітап (Исра, 82)

Құран Кәрім  кітаптардың ең ұлысы, теңдесі жоқ қазына, жанға шипа, жүрекке нұр, бойға қуат беретін  кітап.

Парасатты Пайғамбарымыз (С.Ғ.С) бір хадис шәрифінде былай бұйырады: “Тек қана мына екі адамға ғана қызығуға болады: Бірі өзіне Құран Кәрім оқу нығметі беріліп, оны күндіз түні оқыған адам. Екіншісі, өзіне байлық беріліп, оны қүндіз түні Аллаһ жолында жұмсаған адам.[1]

Алланың кітабын оқу, сауабы өте көп болған бір ғибадат.  Бір хадис құдсиде Раббымыз былай бұйырады: «Кімде-кім Меннен бір нәрсе сұраудың орнына, Құран Кәрім оқумен айналысса, қалағанынан да көп нәрсесін берер едім.»

Ал Пайғамбарымыз (С.Ғ.С)- хадистерінде былай дейді:

«Құран шапағат етуші, шапағаты қабыл болады.»

«Үмметімнің ең ардақтылары: Құран Кәрімді жаттап, оған қызмет еткен және түнде тұрып ғибадат жасаған адамдар.»

«Бір адам Құран Кәрімнің жүзіне қарамай жатқа оқуы, оған мың дәреже береді, ал жүзіне қарап оқуы, оған екі мың дәреже береді»

Балаларымыз бен бауырларымызға, туыстарымыз бен достарымызға Құран Кәрім оқуды үйретейік. Өзіміз үйрете алмасақ та үйренулеріне себепші болайық. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз бір хадистерінде: «Сіздердің ең хайырлыларыңыз Құран Кәрімді үйреніп оны басқаларына да үйреткендеріңіз»,

«Бір жақсылыққа жол көрсеткен адам, ол жақсылықты жасаған сияқы сауап алады», деп бұйырады.

Кешегі бабаларымыз қасиетті Құранмен алғашқы сауатын ашатын болған .

Қасиетті Құран үшін шыбын жанын қатерге тіккен батырларымызда баршылық.

Солардың бір ғана  дәлелі ретінде Алаш орданың батыс қанатының көш басшысы Жаханша Досмұхамеддің мына бір жанкештілігін қараңыз:

Біз Санкт-Петербургте, мұсылмандар кеңесінде отырдық. Орыстар қазірдің өзінде ашық түрде араздасып үлгерді. Большевиктер қаланы аралап, барлық мекемелерге оқ жаудырды.

Бұл жәйт мұсылмандар кеңесіне де әсер етті. Қалада қатты тәртіпсіздік бар. Халық арасында қайғы. Әркім өз тағдыры туралы ойлаған минутта менің басымда бір қасиетті ой пайда болды. Халифа Османның қолымен жазылған Құранның алғашқы қолжазбасы тақтан тайдырылған патшаның Санкт-Петербург мұражайында сақталғанын есіме түсірдім.

Дүниедегі барлық нәрсе төңкеріліп тұрған сәтте мені бір ғана ұмтылыс — Қасиетті Құранды құтқаруға деген ұмтылыс басып алды. Мен өз ойымды мұсылман кеңесінің басқа мүшелерімен бөлістім.

Барлығы қорықты, ешкім менімен бірге жүруге батылы бармады. Ал мен: Құран өлген кезде өмір аяу керек пе?- деп ойладым. Көшелердегі оттардың арасынан өтіп мұражайға жүгірдім. Мұнда бәрі төңкерілген. Ешнәрсеге қарамай, көптеген кедергілерді жеңе отырып, мен Осман жүрегінің қанымен жазылған қасиетті Құранға жеттім. Құранды құшақтап алып мұражайдан шықтым. Дұшпандардың үздіксіз ағыны арқылы, оттың астымен мен мұсылман кеңесіне қасиетті Құранды әкелдім".

Ұлы қайраткер ең алғашқы Құранның бірін осылай аман сақтап қалған.

Сол аталарымыз сақтап қалған Алланың сөздерін оқып үйренетін кез жетті. Үлкенімізге де кішімізге де, осы ұзақ жаз айлары қасиетті кітапты оқып үйрену үшін таптырмайтын мүмкіншілік. Сондықтан жаз айларында, мешіттерде және медреселерде ұйымдастырылатын Құран оқуды үйрену дәрістерінен қапы қалмайық, ағайын! 

 

Юсуф Шұғайұлы

Қарағанды облыс Әнет баба мешітінің ұстазы

 


[1] Сахих Бұхари, Ілім, 15

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары