«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Қарағанды облыстық Әнет баба мешітінде «Дін мен дәстүр» бағыты және «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен еңбек адамдарына арналған рухани шара өтіп, арнайы дастархан жайылды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – адал еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтарды құрметтеу, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін насихаттау және ислам дініндегі адал ризықтың маңызын кеңінен түсіндіру болды. Кездесу барысында түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің қадірі жайлы тағылымды ойлар айтылды.
Шара барысында адал еңбек етудің сауабы, маңдай термен тапқан ризықтың берекесі және еңбекқорлықтың мұсылман баласына тән асыл қасиет екендігі жөнінде насихат айтылды. Сонымен қатар, жиналғандарға ынтымақ пен бірліктің, өзара жанашырлық пен қамқорлықтың қоғам тұрақтылығындағы маңызы кеңінен түсіндірілді.
Кездесу аясында алда келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай арнайы ақпараттық бүктемелер мен кітапшалар таратылып, Құрбан айттың рухани мәні, құрбан шалудың сауабы мен мұсылман өміріндегі орны жайында уағыз-насихат жүргізілді.
Шара соңында қасиетті Құран Кәрім оқылып, ата-баба рухына бағышталып дұға жасалды. Жиналған көпшілік ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, игі бастамалардың қоғам тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы