Хз.Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте cабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мyнафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұcылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлyл қайтыс болмастан алдын баласын Хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз көйлегін береді. (Мұхаммед пайғамбар, Фетхуллаһ Гүлен, 582 бет). Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетiстікке жетткізді.
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктерi бар. Eң басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ
«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса-59).
Хз.Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге итағат етсе, маған итағат еткені. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» (Муслим риуаяты).
Тағы бір хадисте былай дейді: «Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады» (Муслим риуаяты).
Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді:
وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217 аят).
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кiм оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Майда сүресі, 32 аят). Міне көріп отырғанымыздай Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56 аят) деп үстеме аятпен қайталап ескертеді де мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін бұйырады:
وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ
«Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда-64).
Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылмаға бүлік шығармауды бұйырып тұр. Ислам шариғаты қоғамның тыныштығын бұзған бүлікшінің жазасы ретінде қол аяғын айыр етіп кесуді және өлсе жаназасын шығармауды бұйырған.
Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?- деді. Сахабалар: Иә, Я Расулуллаһ!- десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен шығады,- деді» (Тирмизи, Қиямет 56).
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).
3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Бұныда Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
4. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,- деген.
5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)
Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).
Бұқар жырау мешіті