Иә, адамзат баласын шеберлікпен жаратқан Алла тағала бізге сансыз нығметтер беріп, асқан мейіріміне бөлеп қойған. Дүние есігін әлжуаз бөбек түрінде ашқаннан бастап, қорегімізді қамтамасыз еткен. Тіпті, анамыздың құрсағында жатқанда да аш қалдырмаған. Ұлы құдіретімен тіршілік атаулыны мейіріміне бөлеген Жаратушымыздың алдында тек қана бас иіп алғыс айтуымыз қажет. Есейе бастағаннан бастап ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, адал мен арамды ажыратып жолбасшы ретінде Құран Кәріммен жол көрсетіп берді. Біздің шамамыз жететін міндеттерді мойнымызға жүктеді. Сонда да «Дінде зорлық жоқ» деп әрбір атқаратын амалымызды саналы түрде жасауды түсіндірді. «Раббымыз! Бізге бұл дүниенің де, ахиреттің де жақсылығын бер!» деп дұға жасаудың үлгісін көрсетіп, соған сай тіршілік етуді бекітіп берді. Шын мәнінде бұл өмірге қонақ болып келгендіктен осы қысқа ғана ғұмырымызда мәнді де, мағыналы өмір сүруіміз өзімізге де байланысты. Ата-балаларымыз өмірдің өтпелі кезеңін де жырға қосып кеткен. «Адам - керуен, өмір – жол. Ешкімге жат із емес.
Жолмен жүрген керуеннің, Алды мен арты біз емес»
деп, өмірдің үлкен көл екендігін, заманның соққан жел екендігін еске салады. Сондықтан біз шынайы өмірдің мәнін ұғып, біздің бұл дүниедегі атақ пен даңқымыз, абырой мен қызметіміз қабір аузына дейін екендігін есімізде ұстап, өзімізбен бірге кететіні иман байлығымызды бүтіндеп жүрсек екен. Аллаға иман еткен пенде бұл дүние үшін ахиретін, ахиреті үшін бұл дүниені ұмытпайды. Біздің халықтың санасында қалыптасып, күнделікті қолданысында жүрген «қаралы хабарды жеткізгенде және көңіл айтуға» барғанда айтатын жаттанды сөзі бар. Пәленше қайтыс болды деп естіртіп жатады. Өлді деп айтпайды, оны басқа жаратылысқа қаратып айтамыз. Қайтыс болды деп естіртуіміздің өзінде Құрандағы «Инна лилләһи уа иннә илайһи рожиғун» (Бақара сүресі 156-аят) аятына мағына бергендейміз. Өйткені біз әуелде айтқанымыздай дүниеге Алланың құдіретімен бір тамшы жабысқақ судан пайда болып келеміз. Түбінде әлемдердің раббысы болған Аллаға қайтамыз. Осы бір ауыз сөздің (қайтыс болды) түпкі мағынасына мән берсек, оның салмағының бағасын білер едік. Сонымен қатар, көңіл айтқанда «иманды болсын» деп дұға етіп, төс түйістіру рәсімі бар. Дінімізде «Адам баласының бұл дүниеден өткенде барлық амалы тоқтайды. Оның өзімен кететін жолдасы амалы» дейді. Адам баласы бұл жерге қонақ. Басқа бір әлемге жол тартады. Қонақ болған адам өзімен алып кете алмайтын нәрсеге аса құштар болмас. Адамның өзімен кететін Аллаға деген сенім иманы. Демек, «Иманды болсын» деген көңіл білдіруімізде осыншалықты мән жатыр. Осы тұрғыда мына жайтты да назарға алсақ. Адам баласын перзентханадан шығарарда бұрын қолданыста болмаған әппақ жөргекке орап күтіп алсақ, дәм-тұзы таусылып пәни дүниеден шын дүниеге өткенде де ешкімге кигізілмеген ақ матаға орап шығарып саламыз. Одан басқа ешнәрсе қосып бере алмаймыз.
Себебі, бұл өмірге біз ештеңе алып келмегендіктен, ахиретке де ешнәрсе алып кетуге хақымыз жоқ. Тіршілік болған соң, қаза болмай тұрмайды. Сондай қазалы жерге жиналғанда бір сәт ахиретіміз үшін не дайындадым деген сұрақты ой елегінен өткізуге тиіспіз. «Өлім – ол үндемейтін насихат». Көз алдымызда табыттың ішіндегі марқұм кеше ғана біздей болған адам. Біз күнделікті таңертең ұйқымыздан оянып, бет-қолымызды жуып, жан-жағымызбен сөйлесіп, қалаған жағымызға өз аяғымызбен барамыз. Ал, қайтыс болған кісінің барлық амалы тоқтайтындықтан оны енді басқа адамдар жуындырады. Себебі, өзі жуына алмайды. Өзі киіне алмайды, оны басқа адамдар етегі мен жеңі және қалтасы жоқ әппақ киімге орайды. Өзі жүре алмайды, сондықтан оны басқа адамдар тал бесікке салып иықтан жоғары көтеріп алып жүреді. Өзі сөйлей алмайтындықтан жамағат алдына көлденең қойып, соңғы сапарында Алладан кешірілуін өтініп дұға жасайды. Әу баста не нәрседен жаралған болсақ, сол негізге жер қойнына қаумалап барып тапсырамыз. Қайғырамыз, қимаймыз, өкінеміз және қара жер қойнына тапсырып кері қайтамыз. Бір ақынның өлеңінде былай дейді:
Өмірге адам келеді қайту үшін.
Аллаға мақтау мадақ айту үшін.
Қараңғы көрге жалғыз кірген кезде,
Қасыңда жатар еді қай туысың!
Иә, дәл айтылған сөз. Қаза болған кісіні кенеттен жақсы көріп, кенеттен кешіріп, кенеттен қимай қалғанымызбен оны жалғыз қалдырып кете барамыз. Осы көріністерді осы мақаланы оқып отырған көбіміз көріп те жүрміз ғой. Демек, өлімнің өзі үндемеуі арқылы ұғынған кісіге көп нәрседен хабар береді. Кезекті жолсапардың бірінде зират жанындағы тақтайда жазылған ескертпе сөз ойымда қалып еді. «Біз де сендей пенде болдық керемет. Ей, жолаушы. Аттың басын тежеп өт» деген сөзді құдды марқұмдар айтып жатқандай.
Олай болса, құрметті бауырлар! Өткінші өмірде Аланың разылығына бөленетін амалымызды арттырып, адамдар арасындағы көркем қарым-қатынасымызды шынайы қалыптастырып жүрсек игі болар еді. Бұл дүниеміз бен ахиретімізде жүзіміздің жарық болуын нәсіп етсін!
Бақдәулет Қыдырбайұлы
Қарағанды №1-мешітінің наиб имамы