Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» және «Хазірет Әли» мешіттерінің ұйымдастыруымен «Бақытқа бастар бағдаршам» атты Құран жарысы өтті.
Рухани сайыстың басты мақсаты – жас шәкірттердің қасиетті Құран Кәрімге деген сүйіспеншілігін арттыру, Құран сүрелерін жаттауға ынталандыру, діни білімдерін жетілдіру және жас қарилардың қабілетін шыңдау.
Аталған жарысқа Қарағанды қалалық «Әл-Машани», Саран қалалық, Теміртау қалалық мешіттері мен Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінің шәкірттері қатысып, жалпы саны 20 үміткер өзара бақ сынасты.
Құран жарысы «Фәжр» сүресінен «Нәс» сүресіне дейінгі аралықты қамтыды. Қатысушылар қасиетті Құран аяттарын жатқа оқып, білімдері мен дайындықтарын ортаға салды.
Шараның ашылуында Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінің имамы Рауан Төлеубекұлы сөз сөйлеп, Құран үйренудің, оны жаттаудың және өмірде басшылыққа алудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жас қариларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жүлделі орын иегерлері:
- І орын – Айдынбекұлы Шамиль – 50 000 теңге;
- ІІ орын – Мұхаммедхали Омар Нұрғалиұлы – 30 000 теңге;
- ІІІ орын – Бақтиярұлы Омар – 20 000 теңге.
Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша:
- «Жамағат көзайымы» – Фархатұлы Нурулла;
- «Ең жас қатысушы» – Асқарбай Ибрагим марапатталды.
Рухани шара жас шәкірттердің Құранға деген қызығушылығын арттырып, олардың білімін шыңдауға және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы