Center Image
IHSAN.KZ
АТ ТЕРГЕУ ДӘСТҮРІ
АТ ТЕРГЕУ ДӘСТҮРІ

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық танытып, әдеп сақтауды өмірлік ұстаным еткен. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлеріміздің әрқайсысында терең тәрбие мен тағылым жатыр. Соның бірі – ат тергеу дәстүрі. Бұл – жай ғана адамның есімін атамау емес, үлкенге құрмет көрсетіп, отбасындағы сыйластықты нығайтатын, тіл мәдениеті мен көркем мінезді қалыптастыратын ұлттық құндылық.

 

Ат тергеу дәстүрінің шығу төркіні

Ат тергеу – қазақ халқының әдеп пен ізеттілікке негізделген көне ғұрыптарының бірі. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келін күйеуінің ата-анасының, қайын ағалары мен қайын інілерінің, қайын әпкелері мен қайын сіңлілерінің есімдерін тура атамай, олардың жасына, мінезіне, отбасындағы орнына қарай лайықты ат қойған.

Мәселен, үлкен кісілерді «ата», «әже», «мырза қайнаға», «би атам», «бай атам» деп атаса, қайын сіңлілері мен қайын інілеріне «еркем», «шырайлым», «ақылдым», «сырғалым», «шашбаулым» секілді жарасымды есімдер берген. Мұндай атаулар адамның қадір-қасиетін арттырып қана қоймай, арадағы жақындық пен бауырмалдықты да білдірген.

Ат тергеу дәстүрінің тағы бір ерекшелігі – тапқырлық пен сөзге шеберлікті қажет етуі. Халқымыз кейде адамның мінезіне немесе сыртқы ерекшелігіне қарай әзіл аралас, бірақ көңілге тимейтін атауларды да қолданған. Мысалы, жайбасар қайнысын «жүйрігім», бойы аласа қайнысын «сұңғағым» деп атаған. Бұл – адамның кемшілігін бетіне баспай, әзіл арқылы жарасымды қарым-қатынас орнатудың үлгісі.

Ел ішінде ат тергеуге қатысты мынадай қызықты аңыз-әңгіме де айтылады. Бір келіншек қайындарының есімдерін атамай, «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Білемені жанымаға жанып-жанып, тез келіңдер!» деп хабар беріпті. Мұндағы «сарқырама» – өзен, «сылдырама» – қамыс, «маңырама» – қой, «ұлыма» – қасқыр, «білеме» – қайрақ, «жаныма» – пышақ деген мағынаны білдірген екен. Осылайша келін Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай есімді туыстарының аттарын атамай-ақ, ойын шебер жеткізген.Бұл әңгіме халқымыздың тапқырлығын, сөзге деген құрметін және әдепті сақтай отырып, ойын жеткізе білу қабілетін көрсетеді.

 

Келін әдебі – отбасы тәрбиесінің бастауы

Қазақ танымында келіннің орны ерекше. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген халық сөзі де отбасындағы береке мен тәрбиенің маңызын аңғартады. Жаңа түскен келін үшін ат тергеу – үлкен әдеп мектебі. Ол арқылы келін қайын жұртына құрмет көрсетіп, жаңа әулеттің салт-дәстүрін бойына сіңіреді.

Келіннің үлкендерге ізет білдіруі, сәлем салуы, сыпайы сөйлеуі, туыстарын лайықты атпен атауы – оның көргенділігінің белгісі. Дегенмен келін әдебін тек белгілі бір рәсімдермен шектеуге болмайды. Оның негізгі мәні – отбасындағы татулықты сақтау, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық таныту және айналасына ізгі қарым-қатынас жасау. Ат тергеу дәстүрі келін мен қайын жұрттың арасындағы сыйластықты нығайтып, отбасындағы түсіністікке жол ашады. Жылы сөз бен ізетті қарым-қатынас бар жерде татулық пен береке де арта түседі.

Үлкенге құрмет – имандылықтың белгісі

Қазақ халқының «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл сөзі – ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы. Халқымыз қарияны төрге шығарып, батасын алып, ақылын тыңдауды үлкен мәртебе санаған. Өйткені үлкенді сыйлау – өткенге құрмет, бүгінге өнеге, келешекке аманат.

Ислам діні де адамға құрметпен қарауды, ата-ананы қадірлеуді, үлкенге ізет, кішіге мейірім көрсетуді насихаттайды. Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кішілерімізге мейірімділік танытпаған әрі үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес», – деген мағынадағы өсиет айтылады.

Бұл хадис мұсылман адамның бойында мейірімділік пен ізеттілік болуы керектігін ұқтырады. Үлкенге құрмет көрсету – тек сыртқы әдеп емес, жүректегі кішіпейілділіктің көрінісі.

 

 

 

Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасау туралы былай делінеді:

«Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Егер олардың бірі немесе екеуі де жаныңда қартайса, оларға «түһ» деме, зекіме және оларға сыпайы сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-аят).

Бұл аят ата-ананы құрметтеудің, оларға жұмсақ сөйлеп, көңіліне қаяу түсірмеудің маңызын айқындайды. Ат тергеу дәстүрі де осындай ізеттілік ұстанымдарымен үндеседі. Адамның есімін құрметпен атау, сөзін бөлмеу, пікіріне құлақ асу, қарым-қатынаста әдеп сақтау – барлығы да көркем мінездің белгілері.

Тіл мәдениеті – ұлттық тәрбиенің өзегі

Ат тергеу дәстүрінің тағы бір маңызды қыры – тіл мәдениеті. Қазақ халқы сөздің қадірін білген, орынсыз сөйлеуден сақтанған, ауыр сөзден гөрі жылы сөзді жоғары қойған. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз сүйектен өтеді» деген мақалдарымыз сөздің адам жанына әсерін терең түсінгенімізді білдіреді.

Адамның атын атамай, оған лайықты әрі жарасымды атау беру – сөз арқылы құрмет көрсетудің ерекше үлгісі. Мұнда адамның көңілін табу, әдептен аспау, орынды әзіл мен тапқырлық таныту секілді қасиеттер тоғысқан.

Бүгінгі қоғамда да тіл мәдениетінің маңызы зор. Үлкенге «сіз» деп сөйлеу, кісінің сөзін бөлмеу, дауыс көтермеу, орынсыз қалжыңнан аулақ болу, адамды кемсітетін сөздерді қолданбау – күнделікті өмірде ұстануға тиіс әдеп қағидалары. Әсіресе әлеуметтік желіде пікір жазғанда да сөздің салмағын сезініп, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қажет.

Алайда ат тергеудің мәнін адамның есімін мүлде атамаумен ғана шектеуге болмайды. Оның негізгі өзегі – құрмет пен әдеп. Қазіргі заманда бұл дәстүрді әр отбасы өз мүмкіндігі мен ортасына қарай ұстанып, оның тәрбиелік мағынасын жас ұрпаққа түсіндіре алады.

Ұлттық дәстүр – ұрпаққа аманат

Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық болмысымызды сақтап, салт-дәстүрлерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Өйткені дәстүр – өткеннің ескерткіші ғана емес, бүгінгі қоғамды ізгілікке тәрбиелейтін рухани құрал.

Ат тергеу дәстүрі арқылы біз үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге қамқор болуды, отбасындағы татулықты сақтауды және сөз мәдениетін меңгереміз. Бұл ғұрыптың құндылығы да осында. Ол адамды кішіпейілділікке, сыпайылыққа, сабырлылыққа және өзгенің қадірін білуге үйретеді.

 

Ұлттық дәстүр мен діни құндылықтар бір-бірімен үйлескенде, ұрпақ тәрбиесінің де негізі нығая түседі. Әрбір отбасы балаларға үлкенді сыйлауды, ата-ананы құрметтеуді, әдеппен сөйлеуді және адамдарға ізгілік танытуды үйретсе, қоғамдағы өзара сыйластық та арта бермек.

Қорыта айтқанда, ат тергеу – қазақ халқының көркем мінезін, бай тілін және ізеттілікке негізделген дүниетанымын танытатын тағылымды дәстүр. Оны дәріптеу – ұлттық құндылықтарды сақтау ғана емес, адамгершілік пен имандылықты ұрпақ санасына сіңіру. 

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік нәсіп етіп, ұрпағымызды иманды, ибалы, көркем мінезді етсін! Әмин!

 

“Дін мен дәстүр” бағытының Қарағанды облысы бойынша жауапты меңгерушісі 

Бақдәулет Қыдырбайұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz