Center Image
IHSAN.KZ
ҚАРАҒАНДЫДА «ТОЙ МӘДЕНИЕТІ: ДӘСТҮР МЕН ТАЛҒАМ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
ҚАРАҒАНДЫДА «ТОЙ МӘДЕНИЕТІ: ДӘСТҮР МЕН ТАЛҒАМ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Қарағанды қаласындағы «Saryarqa Aqparat» медиа холдингінде «Той мәдениеті: дәстүр мен талғам» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеу, қоғамда қалыптасқан той өткізу мәдениетін жетілдіру және ысырапшылдықтың алдын алу мәселелерін талқылауға бағытталған жиынға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Шариғат және пәтуа» бағытының жауапты меңгерушісі Жүсіп Шұғайұлы, сондай-ақ аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистер, тілшілер мен жазушылар қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қазақ қоғамындағы той мәдениетінің бүгінгі келбеті, ұлттық дәстүр мен заманауи талғамның үйлесімділігі, салтанатты шараларды ұйымдастырудағы жауапкершілік пен қоғамдық әдеп мәселелері кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, «Ысырап пен игіліктің арасы», «Тойдағы ниет пен жауапкершілік», «Қарызға той жасау», «Дастарқан әдебі» және «Той мәдениетіндегі діни-адамгершілік өлшемдер» төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өрбіді.

Жиында сөз алған Жүсіп Шұғайұлы ислам дініндегі ысырапшылдыққа жол бермеу қағидаларына тоқталып, қуанышты бөлісудің басты мақсаты сән-салтанатпен бәсекелесу емес, ағайын-туыс пен жақындардың басын қосып, береке-бірлікті нығайту екенін атап өтті.

Сондай-ақ той өткізу барысында шектен тыс шығынға бату, елден қалмау мақсатында қарыз алу, орынсыз бәсекелестікке ұмтылу секілді қоғамда кездесетін мәселелердің әлеуметтік және рухани салдары сөз болды.

Осы орайда қатысушылар ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін сақтай отырып, той мәдениетін заман талабына сай жетілдіру, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты дәріптеу, жастар арасында жауапкершілік пен үнемшілдік құндылықтарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де аталған тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, қоғамда той өткізуге қатысты қалыптасқан көзқарастар, әлеуметтік жауапкершілік және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ақпарат құралдарының рөлі жөнінде пікір білдірді.

Жиын соңында қатысушылар той мәдениетін қалыптастыруда қоғамның барлық өкілдерінің ортақ жауапкершілігі маңызды екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің қажеттілігі жөнінде ортақ пікірге келді.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігі



Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz